Қазақстанда соңғы алты жылда 281 студенттік жатақхана пайдалануға беріліп, 72 мыңнан астам төсек-орын ашылды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жатақхана тапшылығы негізінен Алматы қаласында сақталып отыр. Мұнда 5 мыңнан астам орын жетіспейді. Бұл мәселені алдағы 1–2 жылда шешу жоспарланған.
«Астанада ЕҰУ базасында 2 656 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Алматыда 4 280 орындық жатақхана кешенінің құрылысы басталды. Оның алғашқы 340 орындық блогы іске қосылды. Жоба толық аяқталған кезде Алматыдағы жатақхана тапшылығының шамамен 80%-ын жабуға мүмкіндік береді», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ Петропавлдағы Қозыбаев университетінде 1 200 орындық, Narxoz университетінде 450 орындық жатақханалар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, бірқатар жоғары оқу орнында жаңа студенттік жатақханалар ашылды.


