​Қазақстанда инженерлерді даярлаудың жаңа моделі енгізілуде

0
100

Қазақстанда инженерлік білім беру жүйесі жаңартылып, мамандарды даярлау форматы өзгеруде.


​Қазақстанда инженерлерді даярлаудың жаңа моделі енгізілуде

ERNUR.KZ. Жаңа модель аясында инженерлік жоғары оқу орындарының жанынан арнайы полигондар мен инженерлік орталықтар ашылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Жаңа тәсіл ЮНЕСКО әзірлеген Work-Based Learning (WBL), яғни жұмыс орнында оқыту әдістемесіне негізделген.

«Пилоттық жобаны 50-ден астам инженерлік жоғары оқу орнында жүзеге асыру жоспарланған. Мәселен, Атырау мұнай-газ университетінің жанында Энергетика министрлігінің қолдауымен өндірістік полигон ұйымдастырылған. Онда болашақ мұнайшылар мен инженерлер 2 гектар аумақта тәжірибеден өтіп, білімдерін өндірістік жағдайда шыңдайды», – деді министр баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, елімізде индустриялық PhD бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында докторанттар өндірістегі жұмыс орнын сақтай отырып, үш жыл бойы қолданбалы зерттеулермен айналыса алады. Бағдарламада академиялық талаптар жеңілдетіліп, негізгі басымдық ғылыми жарияланымдарға емес, өндірістік үдерістерге инновациялық шешімдер енгізуге берілген. Шәкіртақы төлеу де қарастырылған.

«Индустриялық PhD бағдарламасы алғашқы жылы пилоттық режимде 100 грантпен басталды. Өндірістік компаниялар қатты қызығушылық танытты. Соңғы екі жылда осы форматта білім алып жатқандар саны 330 адамға жетті», – деді спикер.