Қытайда балаларды әдейі уландырған балабақша тәрбиешісі дарға асылды

0
753

Оның қылмысқа баруына балабақшадағы әріптестерінің бірімен туындаған жанжал түрткі болған.


Қытайда балаларды әдейі уландырған балабақша тәрбиешісі дарға асылды

ERNUR.KZ. Хэнань провинциясы Цзяоцзо қаласының орта деңгейлі халық соты 25 баланы натрий нитратымен қасақана уландырған бұрынғы балабақша тәрбиешісінің дарға асылғанын растады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Пэнпай» басылымының хабарлауынша, 2019 жылы наурызда Цзяоцзо қаласындағы балабақшалардың бірінде балалардың тамақтан жаппай улануы тіркелген. Полиция тергеуден кейін анықталғандай, тәрбиеші Ван Юнь балалардың таңғы асына натрий нитратын қосқан. 25 бала зардап шегіп, олардың бірі 10 ай ем қабылдағаннан кейін көз жұмған.

Оның қылмысқа баруына балабақшадағы әріптестерінің бірімен туындаған жанжал түрткі болған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ата-аналар бұрынғы тәрбиешінің кешірімін қабылдамаған. Сондай-ақ, тергеу барысында тәрбиеші балаларды ойламағанын, әріптесінен кек алмақшы болғанын мойындаған.

Тергеушілер 2017 жылы әйелдің күйеуімен тұрмыстық жанжал кезінде оның сусынына натрий нитратын қосқанын анықтады. Салдарынан күйеуі орта деңгейде уланған.

Улаушы 13 шілдеде дарға асылды.

Еске салайық, таяуда Қытайдың Гуандун провинциясында балабақшаға ер адам пышақпен шабуылдаған. Алты адам қаза тапты.