​Қытайдың бұрынғы спорт министрі сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасына кесілді

0
95

Екі айыптау бойынша үкімін қорытындылаған сот оны шартты түрде өлім жазасына кесті.


​Қытайдың бұрынғы спорт министрі сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасына кесілді

Фото: Синьхуа

ERNUR.KZ. Қытайдың бұрынғы спорт министрі Гоу Чжунвэнь пара алып, қызметін асыра пайдаланғаны үшін өлім жазасына кесілді, деп жазады inform.kz.

Сот шешімінде Гоу 2009 жылдан 2024 жылға дейін әртүрлі мемлекеттік лауазымдарды атқарғаны және өз қызметін агенттіктер мен жеке тұлғаларға коммерциялық мәмілелер мен жобаларды мақұлдауға көмектесу үшін пайдаланғаны айтылған. Бұл әрекеттері үшін ол 236 миллион юань (33,4 миллион доллар) алған.

Сондай-ақ, сот оны қызметін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапты. 2012 және 2013 жылдар аралығында Бейжің мэрінің орынбасары қызметін атқарып жүріп жобалардың бірін сатып алу кезінде өкілеттігін асыра пайдаланғаны расталды. Бұл мемлекеттік мүліктің айтарлықтай шығынға ұшырауына себеп болып, мемлекет пен қоғам мүддесіне зиян келтірді. Бұл оқиға үшін ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Екі айыптау бойынша үкімін қорытындылаған сот оны шартты түрде өлім жазасына кесті. Заңсыз алынған барлық қаражат және олар бойынша пайыздар мемлекеттік қазынаға аударылады. Гоу сондай-ақ өмір бойға саяси құқықтарынан және барлық жеке мүлкінен айырылды.
Қытайда сотталған адам екі жылдық сынақ мерзімі ішінде басқа қылмыс жасамаса, шартты өлім жазасы өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылады. Кейін тәртібіне қарай өмір бойы бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылуы мүмкін.
Алайда, сот Гоу қылмыстарының ауырлығына және олардың әлеуметтік әсеріне байланысты одан әрі жеңілдетуге немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқылы емес деп шешті. Бұл оның жазасы жеңілдетілген жағдайда, ол өмірінің қалған бөлігін түрмеде өткізетінін білдіреді.