Немересін дәрігерге көрсеткен әжесі бір қырғынның алдын алды

0
1 057

Полиция қонақ үйден оның броньдаған бөлмесіне тінту жүргізіп, АК-47 автоматын, патрондар, пышақ пен қара киім тапты.


Немересін дәрігерге көрсеткен әжесі бір қырғынның алдын алды

ERNUR.KZ. Техастың 19 жастағы тұрғыны Уильям Патрик Уильямс жергілікті қонақ үйдің бірінде елге оқ жаудырмақшы болған, алайда араға оның әжесі кірігіп, бір қырғынның алдын алды, деп жазады Zakon.kz.

Уильямс әжесіне АК-47 автоматын сатып алғанын, көпке оқ атпақ болғанын, артынан өзі полиция оғына ұшып өлетінін айтқан. Өз құлағына өзі сенбесе де әжесі немересін ауруханаға сүйрегендей апарып, дәрігерге қаралуға көндірген. Ол дәрігер қабылдауында отырғанда әжесі полицияға қоңырау шалған.

Уильямс ауруханада көп уақыт өткізген жоқ, артынша іле-шала қамауға алынды. Онда да қару сатып алу кезінде жалған ақпарат бергені үшін. Қағазға ол мекен-жайын өтірік жазған. Осы үшін ол бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полиция қонақ үйден оның броньдаған бөлмесіне тінту жүргізіп, АК-47 автоматын, патрондар, пышақ пен қара киім тапты.

Айта кетсек, АҚШ-та 4 тамызда көпшілікке оқ жаудырған үш оқиға орын алды. Алдымен, Техас штатындағы Эль Пасо қаласындағы Уолмарт сауда орталығына жасалған шабуыл салдарынан 20 адам қайтыс болып, 26 адам жарақат алды. Бұл оқиғада оқ жаудырушы 21 жастағы американдық Патрик Крусиос ұсталды. Ол осы әрекетіне дейін Twitter-де наурыз айында Жаңа Зеландиядағы мешітте болған террористік шабуылды қолдайтын манифест жариялап, АҚШ-тың мәдениеті мен экономикасы мигранттардан зардап шегіп жатқанын жазған.

Одан кейін Огайо штатындағы Дейтон қаласында атыс болып, тоғыз адам қаза болып, тағы 26 адам жарақат алды. Бұл оқиғада адамдарға оқ жаудырушы 24 жастағы Коннор Беттстің өзі де және оның қарындасы да мерт болды.

Үшінші оқиға Чикагодағы ойын алаңында болды. Ол арада жеті адам жарақат алды. Қара Chevrolet Camaro мінген қаскөйдің ұсталғаны туралы, әзірге хабар жоқ.