Екі жас сегіз айлық Арьятара бұрынғы Кумаридің орнын басты.
ERNUR.KZ. Екі жасар Арьятара Шакья бұрынғы Кумаридің орнына сайланып, енді бірнеше жыл бойы ғибадатханада өмір сүреді, деп жазады baq.kz.
Екі жас сегіз айлық Арьятара бұрынғы Кумаридің орнын басты. Дәстүр бойынша, тірі құдай қыз бойжеткен соң қарапайым адамға айналады. Кумарилер Катманду аңғарының байырғы халқы – невар қауымдастығындағы Шакья әулетінен таңдалады. Оларды индуистер де, буддистер де құрметтейді. Қыздарды әдетте 2-4 жас аралығында іріктейді. Болашақ Кумари мінсіз теріге, шашқа, көзге және тістерге ие болуы тиіс әрі қараңғыдан қорықпауы керек.
Биыл қыркүйекте өткен индуистік Индра Джатра мерекесінде бұрынғы Кумари арнайы арбаға отырғызылып, сенушілердің сүйемелдеуімен қала көшелерін аралады. Кумари әрқашан қызыл түсті киім киеді, шашы түйілген, ал маңдайына «үшінші көз» суреті салынады.
Қазан айындағы мерекелер легі Индра Джатрадан басталып, Дашайн мен Тихар (Дивали) фестивальдарымен жалғасады. Осы күндері жаңа Кумари Арьятараны ата-анасы, туыстары мен сенушілер Катманду көшелерімен алып жүріп, кейін ол сарайға орналасады. Мыңдаған адам оның табанына маңдайын тигізіп, гүл мен ақша ұсынып, құрмет көрсеткен. Ал бейсенбі күні жаңа құдай ел президентін де жарылқайды деп күтілуде.
Кеше ол менің қызым еді, ал бүгін ол – құдай, – деді Арьятараның әкесі Ананта Шакья.
Ал бұрынғы Кумари 2017 жылдан бері осы мәртебені иеленген Тришна Шакья қазір 11 жаста. Ол рәсімнен кейін сарайды отбасы мен жақтастарының қолындағы паланкинмен жасырын түрде тастап шықты.
Кумари атану отбасының қоғамдағы абыройын өсіреді. Дегенмен Кумарилер сарайда оқшау өмір сүреді. Достары аз, көшеге тек мерекелерде ғана шыға алады.
Бұрынғы Кумарилерге қалыпты өмірге бейімделу оңайға соқпайды. Олар үй шаруасын үйреніп, қатарластары сияқты мектепке баруы тиіс. Ал халық арасындағы сенім бойынша, бұрынғы Кумариге үйленген ер адам ерте қайтыс болады деген ырым бар. Сондықтан олардың көпшілігі тұрмысқа шықпайды.
Соңғы жылдары дәстүрде өзгерістер енгізген. Енді Кумарилер сарайда жеке репетитордан білім алып, тіпті теледидар көруіне де болады. Үкімет бұрынғы Кумарилерге шамамен 110 доллар көлемінде ай сайынғы зейнетақы төлейді. Бұл елдегі ең төменгі жалақыдан сәл ғана жоғары.