Қазақстанда отбасыларды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлу банктердің несие беру шешіміне әсер етпейді.
ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қаржы ұйымдары қарыз алушыларды өздерінің скорингтік модельдері арқылы бағалайды. Сондықтан жаңа мемлекеттік бағалау жүйесінің несие беру тәртібіне қосымша ықпалы болмайды, деп жазады baq.kz.
Брифингте журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің отбасыларды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлу жөніндегі жаңашылдығы қоғамда үлкен резонанс тудырғанын айтып, бұл тәсіл болашақта қаржы саласына, соның ішінде жеңілдетілген және коммерциялық ипотекаға, автонесиеге әсер етуі мүмкін бе деп сұрады.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қаржы саласы цифрландыру және мемлекеттік деректер базаларын интеграциялау бағытында әлдеқашан алға шыққан. Бұл жұмыс Ұлттық банктің қаржы инфрақұрылымына да, екінші деңгейлі банктерге де қатысты.
Оның түсіндіруінше, банктер кредиттік бюролар арқылы қарыз алушылардың кредиттік тарихы мен қаржылық жағдайына қатысты ақпаратты ала алады. Клиент несие рәсімдеу кезінде тиісті келісім берген жағдайда, банк оның кредиттік тарихын сұратып, қаржылық мүмкіндіктерін бағалайды.
Банктерде бұл деректер цифрландырылған. Сондықтан олар әр клиенттің тәуекел бейінін және қаржылық жағдайын бұрыннан-ақ жақсы біледі. Осы тұрғыдан алғанда, қосымша тәуекел көріп тұрған жоқпын. Біз қаржы жүйесін онсыз да жеткілікті деңгейде цифрландырдық, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Банктер қарыз алушыларды қалай бағалайды?
Журналист мемлекеттік санаттау жүйесі енгізілгеннен кейін азаматтар несие немесе ипотека алуға өтініш бергенде, банктер олардың қай санатқа жататынын ескере ме деп нақтылады.
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, мемлекеттік санат банктер үшін шешуші өлшем болмайды. Өйткені әрбір қаржы ұйымы клиенттің төлем қабілетін бағалау үшін өзінің скорингтік моделін пайдаланады.
Скорингтік модель қарыз алушының кредиттік тарихын, қаржылық жағдайын және басқа да тәуекел факторларын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл модельдер банктің несие саясаты мен жұмыс бағытына қарай ерекшеленеді.
Мәселен, кейбір банктер тұтынушылық несие беруге басымдық берсе, басқалары автонесиеге немесе бизнеске арналған қарыздарға көбірек көңіл бөледі. Соған сәйкес олардың клиенттерге қоятын талаптары да әртүрлі болуы мүмкін.
Әр банктің өз скорингтік моделі бар. Бір банк кредиттік тарихы сәл нашар клиенттермен де жұмыс істеуге дайын болуы мүмкін, ал екіншісі қатаң талаптар қояды. Олардың өз санаттары бар және қарыз алушылар бұрыннан осы өлшемдер бойынша бағаланады, – деді Сүлейменов.
Оның сөзінше, отбасылардың әл-ауқатын мемлекеттік деңгейде санаттарға бөлу қолданыстағы банктік бағалау жүйелеріне әсер етпейді.


