Өрт сөндірушілер, ауруханалар мен полиция бұл түннің аса ауыр өтуі мүмкін деп алаңдаулы.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Нидерландта келесі жылдан бастап жеке адамдарға отшашу қолдануға толық тыйым салынады. Фейерверкті тек кәсіби ұйымдастырушылар ғана іске қоса алатын болады, деп жазады stan.kz.
Өрт сөндірушілер, ауруханалар мен полиция бұл түннің аса ауыр өтуі мүмкін деп алаңдаулы. Өйткені бұл елде қарапайым адамдар соңғы рет пиротехника қолдана алады және әуесқойлар барынша шулатуды жоспарлап отыр. Тыйым салынатыны туралы хабар аясында фейерверктердің сатылымы күрт артқан. Биыл нидерландтықтар өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп петарда сатып алады деген болжам бар.
Полиция мәліметінше, жарылу күші жоғары петардалардың контрабандасы да көбейіп келеді. Желтоқсан айының ортасына дейін құқық қорғау органдары 65 мың килограмнан астам заңсыз пиротехникалық бұйымды тәркілеген. Қол хирургиясы қауымдастығының дерегіне сәйкес, қарашадан желтоқсанның ортасына дейін осындай петардаларды қолдану салдарынан көптеген адам зардап шеккен. Он жасөспірімнің қолын немесе саусақтарын кесіп тастауға тура келген. 2024 жылы мұндай жағдайлар небәрі төртеу болған.
I&O Research институтының сауалнамасына сәйкес, нидерландтықтардың 62 пайызы бұл тыйымды қолдайды.
Соңғы жылдары полицейлер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар фейерверктерді қолдану арқылы жасалған шабуылдарға жиі ұшырап, адамдар жарақат алған. Бұл тыйымды дәрігерлер, полиция, муниципалитеттер, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғаушылар көп жылдан бері қолдап келеді.


