Оңтүстік Кореяда орман өрті салдарынан кемінде 18 адам қаза тапты

0
159

Тағы 10 адам зардап шекті, олардың екеуі ауыр жарақат алған.


Оңтүстік Кореяда орман өрті салдарынан кемінде 18 адам қаза тапты
Фото: Yonhap
ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығыс өңірін шарпыған орман өрті салдарынан қаза тапқандар саны 18-ге жетті. Сондай-ақ, өрт сөндіру тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан ұшқыш көз жұмды, деп жазады inform.kz.

Өрт өткен жұма күні басталған. Билік мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі Андонда, үшеуі Чхонсонда, алтауы Йонъянде және жетеуі Йондокта табылған. Чхонсонда бір адам хабар-ошарсыз кеткен.

Тағы 10 адам зардап шекті, олардың екеуі ауыр жарақат алған.
Сәрсенбі күні президент міндетін атқарушы Хан Док Су өрттің әрі қарай таралуын болдырмау үшін барлық мүмкін шараны қабылдауға шақырды. Ол бұл өртті ел тарихындағы «ең жаманы» деп атады.
— Қазіргі уақытта өрт 17 000 гектар орманды, сондай-ақ 209 тұрғын үй мен зауытты күлге айналдырды, — деді Хан Док Су.
Өткен жұма күнінен бері өртпен күреске шамамен 5 000 әскери қызметкер мен 146 тікұшақ жұмылдырылған.
Сондай-ақ, Yonhap агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні ірі орман өртін сөндіру кезінде бір ұшқышы бар өрт сөндіру тікұшағы апатқа ұшыраған. 73 жастағы ұшқыш оқиға орнында көз жұмды. Апаттың себептері анықталып жатыр.