Сайлауға 35,8 миллиард теңге бөлінеді: ОСК қаражат қайда жұмсалатынын түсіндірді

0
103

Бөлінген қаражаттың шамамен 70 пайызы комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеуге жұмсалады.


Сайлауға 35,8 миллиард теңге бөлінеді: ОСК қаражат қайда жұмсалатынын түсіндірді

Фото: engrinews.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге 35,8 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Қаражат қайда жұмсалады?

Бортниктің айтуынша, алдағы сайлаудың ауқымы биыл тамызда өткен Құрылтай сайлауымен шамалас. Бұл ретте сайлау процесін ұйымдастыруға қосымша комиссиялар тартылады.

"Мәслихат сайлауын өткізу кезінде жұмысқа 3 022 округтік комиссия кіріседі. Бұл қосымша 15 110 сайлау комиссиясының мүшесі деген сөз", – деп түсіндірді ол.

Бөлінген қаражаттың шамамен 70 пайызы комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеуге жұмсалады. Шығынның қалған бөлігі сайлауды ұйымдастырумен, оның ішінде кандидаттарды қолдаумен байланысты.

Сайлауға 85 мыңнан аса учаскелік комиссия мүшесі қатысады.

"Ауқымын түсіну үшін еске сала кетейін: Құрылтай сайлауы кезінде аумақтық комиссияларды есептемегенде 70 мың учаскелік комиссия мүшесі жұмыс істеді. Енді оған тағы 15 мыңнан аса округтік комиссия мүшесі қосылады. Яғни, 70 мыңның орнына 85 мыңнан аса мүшесі болады", – деп түсіндірді Михаил Бортник.

Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға белгіледі. 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлануы тиіс: оның ішінде 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихат .

29 қарашадағы мәслихат сайлауы

24 қыркүйекте Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын жариялады. 12 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.