2024 жылы қызылша ауруының өршуі 60 елде тіркелді — бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. 2024 жылы 20 миллионға жуық сәби дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы вакцинадан құр қалды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
ДДҰ мен ЮНИСЕФ жариялаған жаңа мәліметтерге сәйкес, 14,3 миллион бала бірде-бір вакцина дозасын алмаған.
Соған қарамастан, өткен жылы әлем бойынша сәбилердің 89 пайызы — шамамен 115 миллион бала — дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы ең кемі бір доза екпе алған, ал 85 пайызы — шамамен 109 миллион — үш дозадан тұратын толық курсты аяқтаған.
Балаларға екпе салуға деген жоғары сұранысқа қарамастан, соңғы бағалар алаңдатарлық үрдістерді көрсетіп отыр. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі, тұрақсыздықтың артуы және вакциналар туралы жалған ақпараттың таралуы бұл саладағы жетістіктерді тоқтатып немесе тіпті кері айналдыруы мүмкін.
ДДҰ мәліметінше, балалар түрлі себептермен екпе ала алмай отыр — медициналық қызметтердің шектеулі қолжетімділігі, вакциналардың жеткізілуіндегі үзілістер, қақтығыстар, тұрақсыздық және дезинформация.
— Сыртқы көмектің күрт азаюы және вакциналардың қауіпсіздігі туралы жалған ақпарат ондаған жылдар бойы жинақталған жетістіктерге қауіп төндіруде. ДДҰ серіктестерімен бірге елдерге жергілікті шешімдер табуға және ішкі инвестицияларды арттыруға көмектесу жұмысын жалғастырады, — деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Гуманитарлық бағдарламалар
Жаңа деректер қақтығыстар мен гуманитарлық дағдарыстардың иммундау саласындағы жетістіктерді тез жойып жіберуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Әлемдегі барлық сәбилердің төрттен бірі тұрақсыздық, қақтығыс немесе төтенше жағдайлар орын алып жатқан 26 елде тұрады. Дәл осы елдерде екпе алмаған балалардың жартысы шоғырланған. Олардың саны 2019 жылы 3,6 миллион болса, 2024 жылы 5,4 миллионға жетті. Бұл иммундауды гуманитарлық бағдарламаларға міндетті түрде енгізу қажеттігін көрсетеді.
— Қысқарып жатқан бюджеттер, әлсіз денсаулық сақтау жүйелері, қақтығыстар санының өсуі және дезинформация — артқа шегіну қаупінің белгісі. Жағдай өзгеріп келеді, ал миллиондаған баланы алдын алуға болатын аурулардан қорғау үшін дәл қазір әрекет ету керек, — деді ЮНИСЕФ атқарушы директоры Кэтрин Рассел.
Сырқаттың өршуімен күрес
Қиындықтарға қарамастан, елдер вакцина салу және қолдану аясын кеңейту жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұған адам папилломасы вирусына (HPV), менингитке, пневмококк инфекциясына, полиомиелитке және ротавирусқа қарсы екпелер жатады.
— 2024 жылы табысы төмен елдер бұрын-соңды болмаған деңгейде көп баланы вакцинамен қамтыды: ГАВИ қолдайтын барлық екпе түрлері бойынша қамту артты, — деді Вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянстың (ГАВИ) бас директоры Сания Ништар.
Оның айтуынша, дегенмен, халық санының өсуі, тұрақсыздық пен қақтығыстар әлі де елеулі кедергілер болып отыр.
Қызылшаға қарсы вакцинация көрсеткіштері де жақсарды: бірінші дозаны балалардың 84 пайызы, ал екінші дозаны 76 пайызы алған. Бұл — алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл жоғары. Алайда қызылшаның таралуын тоқтату үшін қажетті 95 пайыздық қамтудан әлі де едәуір төмен.
2024 жылы қызылша ауруының өршуі 60 елде тіркелді — бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.