Өзбекстан орбитаға жасанды интеллекті бар спутникті ұшырды

0
231

​Жоба ғарыш технологиялары, жасанды интеллект және жерсеріктік деректерді өңдеу саласында мамандарды даярлау алаңына айналады.


Өзбекстан орбитаға жасанды интеллекті бар спутникті ұшырды

ERNUR.KZ. Өзбекстан Қытайдың STAR.VISION компаниясымен бірлесіп «Самарқанд-2028» Жерді қашықтықтан зондтайтын гиперспектрлі жерсерігін орбитаға сәтті шығарды. Ұшыру 5 тамызда Қытайдағы «Хайян-Шығыс» ғарыш айлағынан жүзеге асырылды, деп жазады baq.kz.

«Өзбекғарыш» агенттігінің хабарлауынша, жерсерік STAR.VISION компаниясымен бірлесіп әзірленген және ол ұлттық ғарыш бағдарламасын дамытудың, заманауи технологияларды енгізудің, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды кезеңіне айналды.

Жаңа жерсерік не істей алады?

«Самарқанд-2028» Жерді қашықтықтан зондтайтын гиперспектрлі жерсеріктер класына жатады. Әдеттегі жерсеріктерден айырмашылығы – ол Жер бетінен шағылысқан сәулеленуді 20-дан астам спектрлік диапазонда талдайды.

Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының, су ресурстарының, қоршаған ортаның жай-күйі туралы егжей-тегжейлі деректер алуға, сондай-ақ жер пайдаланудағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.

Жерсеріктің басты ерекшеліктерінің бірі – «Өзбекғарыш» мамандары әзірлеген жасанды интеллект модулі. Ол жерсеріктік деректердің бір бөлігін Жерге жібергенге дейін ғарыш аппаратының бортында тікелей өңдеуге қабілетті.

Жерсерік не үшін пайдаланылады?

Жерсеріктен алынған деректерді ауыл шаруашылығында, су ресурстарын басқаруда, қоршаған ортаны мониторингтеуде, төтенше жағдайларды ерте анықтауда, қала құрылысы мен жерді ұтымды пайдалануда қолдану жоспарлануда.

Бұдан бөлек, бұл жоба ғарыш технологиялары, жасанды интеллект және жерсеріктік деректерді өңдеу саласында ұлттық мамандарды даярлау алаңына айналады.

«Самарқанд-2028» атауы 2028 жылы Самарқандта 79-шы Халықаралық астронавтика конгресі өтетіндігімен байланысты. Форумды Өзбекстанда өткізу туралы шешім 2025 жылы Сиднейде өткен Халықаралық астронавтика конгресінде қабылданған болатын.