Біріккен Ұлттар Ұйымы «Шығындар мен қажеттіліктерді бағалау есебі» деп аталатын баяндамасын жариялады.
Фото: News.un
ERNUR.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның серіктестері жариялаған соңғы есеп бойынша, Газа секторы мен басып алынған Батыс жағалауды қалпына келтіруге алдағы он жылда 53,2 миллиард АҚШ доллары қажет болады, деп жазады inform.kz.
News.un сайтының хабарлауынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Шығындар мен қажеттіліктерді бағалау есебі» деп аталатын баяндамасын жариялады.
Есеп Палестинадағы соғыстан зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіру құны 29,9 миллиард АҚШ долларын құрайтынын, ал экономикалық және әлеуметтік салаларды қалпына келтіру үшін 19,1 миллиард АҚШ долларын қажет ететінін көрсетеді.
Олардың ішінде тұрғын үйді қайта құру қажеттіліктері ең өзекті болып отыр. Қалпына келтіруге жұмсалатын жалпы шығындардың 30% баспанаға қажет. Бұл 15,2 миллиард АҚШ доллары инвестициясына тең.
Сонымен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымы тек алдағы үш жылда негізгі мемлекеттік қызметтерді тұрақтандыру және ұзақ мерзімді қалпына келтіруге негіз қалау үшін шамамен 20 миллиард АҚШ долларын қажет ететінін мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының басып алынған Палестина территориясындағы гуманитарлық үйлестірушісі Моханнад Хади халықаралық қауымдастықты Палестинаны қайта құруды бірлесіп ілгерілету үшін бірігуге және ынтымақтастыққа шақыра отырып, Газаның толық қалпына келуі Палестина билігінің қалпына келуіне де байланысты екенін баса айтты.
Мұханнад Хади Газаның болашағының Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарлары мен халықаралық құқыққа негізделуі керектігін, астанасы Иерусалим болатын «екі мемлекетті шешімнің» ең жақсы нұсқа екенін айтты.