Оқиға Ноттингемге жақын орналасқан Лангар аэродромында болған.
Сурет: pexels
The Sun басылымының мәліметінше, оқиға Ноттингемге жақын орналасқан Лангар аэродромында болған. Холли Уиффен шамамен 3600 метр биіктіктен топтық секіруге қатысқан. Бір сәтте ол сағатына 160 шақырым жылдамдықпен басқа парашютшімен соқтығысқан.
Соққы әйелдің дулығасына тиген. Осыдан кейін ол есінен танып, бақылаусыз төмен қарай құлай бастаған. Топтағы спортшылардың бірі оны қуып жетуге тырысқанымен, үлгермеген.
Жерге аз ғана қашықтық қалғанда Уиффен есін жиып, парашют сақинасын тартқан. Шамамен 300 метр биіктікте негізгі және қосалқы парашюттері ашылған. Әйел қылқан жапырақты ағашқа соғылған.
Құлау биіктігі мен жылдамдығының салыстырмалы түрде төмен болғанына қарамастан, ол аяғын сындырып, омыртқасын жарақаттап, денесінен бірнеше жері көгерген. Апаттан алты күн өткен соң оған ота жасалып, аяғына металл өзек орнатылған. Қазір спортшы үйінде ем қабылдап жатыр және балдақпен жүріп жүр.
Басына түскен жағдайға қарамастан, британдық парашют спортынан бас тартпақ емес. Ол толық айыққаннан кейін бірден секіруді қайта бастағысы келетінін айтты. Уиффен екі жыл ішінде 425 рет парашютпен секірген.


