Президент жаназада мал союға тыйым салатын жарлыққа қол қойды

0
642

Президенттің айтуынша, бұл шешім ысырапшылдықты жою мақсатында қабылданған.


Президент жаназада мал союға тыйым салатын жарлыққа қол қойды

ERNUR.KZ. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу кезінде аста-төк дастархан жаюды тоқтату керек деп санайды. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп жазады Экспресс К.

Садыр Жапаров Қырғызстанда кей кездері жаназа шығарып, жерлеудің ұлан-асыр той сияқты болып кететініне қынжылған. Бай-қуатты адамдар жақынын соңғы сапарға шығарып салу үшін 5-6 ірі қарасын союға дейін барады екен. Ал олардан қалғысы келмеген кедей-кепшік соңғы малын пышаққа салып, онсыз да оңай емес жағдайын қиындата түсетін көрінеді.

Бұл жарлыққа қарсы шыққандар да бар. Біреулер "90 жасқа келіп қайтыс болған әкемді неге арулап шығарып сала алмаймын ?" деп отыр. Бірақ мұндай адамдардың қатары аз. Сондықтан, көпшіліктің ортақ ойымен санасу керек деп есептеймін, - дейді ол.

facebook.com/japarov.sadyr

Қырғызстан президенті жазбасында өз басынан өткен жағдайды мысалға келтіріпті. Оның айтуынша, 2019 жылы өз ұлы Дастан қайтыс болған кезде туыстары қанша бас мал сою қажеттігін сұраған. Сонда Жапаров өз баласының жаназасына тіпті тауық союға рұқсат бермепті. Көңіл айтуға келген 10 мыңға жуық адамның көбі бұл шешімді қолдаған. Президент барша қырғызстандықтарды осылай жасауға міндеттеп отыр.

"Бай-кедейге бөлінбей, бір ережеге бағынуымыз қажет. Жарлықтың орындалуын министрлер кабинетінен бастап барлық атқарушы орган өкілдеріне тапсырамын. Мектеп директорлары, полицейлер, аудан-облыс басшылары бұл істі бақылауға алуы тиіс", деп жазады Садыр Жапаров.