Путиннің өзі Киевке тікелей келіссөздерге қайта оралуды ұсынып, келіссөздерді 15 мамырда Ыстамбұлда "алдын-ала шарттарсыз" қайта бастауға болатынын айтқан еді.
Фото: kremlin.ru
ERNUR.KZ. Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізу үшін Ыстамбұлға бармайды. Кремльдің хабарлауынша, делегация құрамына оның көмекшісі Владимир Мединский кірген, деп жазады stan.kz.
Сонымен қатар делегация құрамында сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин, қарулы күштер бас штабы бас басқармасының бастығы Игорь Костюков және тағы төрт сарапшы – Қорғаныс министрлігінің, Президент әкімшілігінің және Ресей Сыртқы істер министрлігінің түрлі бөлімшелерінің қызметкерлері болады.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский 15 мамырда Ыстамбұлда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін және дүйсенбі, 12 мамырдан бастап "дипломатияға қажет негізді қамтамасыз ету үшін" атысты толық тоқтатуды күтетінін айтқан. Украина президенті “бұл жолы Путин сылтау іздемей, келеді” деп үміттенетінін айтты.
Бірақ атыс тоқтаған жоқ, келіссөздерге Путиннің өзі бармайтын болды.
Еске салайық, Путиннің өзі Киевке тікелей келіссөздерге қайта оралуды ұсынып, келіссөздерді 15 мамырда Ыстамбұлда "алдын-ала шарттарсыз" қайта бастауға болатынын айтқан еді.
Түркияда өтетін келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамп та қатыспайды, дегенмен ол бұған дейін бару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан.