Шетел басылымдары Алматыдағы ұшақ апаты туралы қалай ақпарат таратты?

0
1 698

Шетелдік БАҚ-та апаттың мән-жайы толық жазылған.


Шетел басылымдары Алматыдағы ұшақ апаты туралы қалай ақпарат таратты?

ERNUR.KZ. Bek Air компаниясының Алматы түбінде құлаған 95 жолаушысы бар Fokker-100 ұшағы туралы әлемдік БАҚ жазып жатыр. Қайғылы оқиға туралы CNN, BBC, The Guardian секілді басылымдар ақпарат таратты, деп жазады Tengrinews.kz.

Америкалық CNN басылымы бүгінгі оқиғаға байланысты "Қазақстанда бортта 100-ге жуық адам болған ұшақ құлады, кем дегенде 15 адам қаза тапты" деген тақырыппен ақпарат таратқан.

Басылым көлемді материалда Алматы әуежайының басшылығына сілтеме жасаған.

Америкалық сайт Flightradar24 ресурсына сілтеме жасап, ұшақтың көкке көтерілгеннен кейін 19 секундтан соң құлағанын жазған.

Сондай-ақ басылым журналисі картадан апат болған жерді көрсеткен.

Ұлыбританиялық ВВС Қазақстан уақытымен түстен өте көлемді материал жариялаған. Мұнда апаттың мән-жайы толығырақ жазылған. Басылым "Рейтер" агенттігіне сілтеме жасап, ұшақ ұшар кезінде қатты тұман болғанына тоқталған.

Сондай-ақ британ сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап, апаттан тірі қалған жолаушы Марал Ерманның сөздерін келтірген.

Сонымен қатар, BBC тілшісі материал дайындау кезінде кей деректі қате жеткізген. Мысалы, сайтта қаза тапқандардың ішінде 6 бала болған деген мәлімет таратқан. Ал Ішкі істер министрлігі алты баланың зардап шеккенін хабарлаған еді.

Америкалық ABC телеарнасының жаңалықтар бөлімі Алматыдағы апатты күннің негізгі жаңалығы ретінде сайттың негізгі бөлігіне жариялаған. Сайтқа кірген бойда көзге Қазақстандағы апат пен оның суреті түседі.

Материалдың басында жаңалықтар бөлімі телеарнаның осы оқиғаға қатысты видеосын жариялаған.

"Әуежай өкілдерінің сөзінше, Bek Air ұшағында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Ұшу кезінде ауа райы ашық, сынап бағанасы ауа температурасы тұрақты минусты көрсеткен, жылдың осы уақытында бұл қалыпты саналады", - деп жазды басылым.

Ұлыбританиядағы ескі газеттердің бірі The Guardian "Қазақстан: Алматы әуежайының маңында Bek Air ұшағының құлауы салдарынан 15 адам қаза тапты" деген тақырыппен мақала жазған.

Бұл басылым да америкалық ABC News секілді Алматыдағы апатты күннің басты жаңалығы деп таныған. Газеттің сайтына кірсеңіз, ең алдымен бүгінгі апат туралы материал көзге түседі.

Басылым материалда оқиғаның мән-жайын жазып, 28 желтоқсан Қазақстанда аза тұту күні болып жарияланғанын жазған. Сондай-ақ газеттегілер апат салдарынан қаза тапқан қазақстандық әріптесі Дана Круглова туралы да атап өткен.

Сонымен қатар, газет апаттан аман қалған жолаушының Tengrinews.kz тілшісіне айтқан пікірін де қосқан. "Ұшақ қиғаш ұшты. Бәрі кинодағыдай болды: айғай, шу, жылаған адамдар", - деп келтірген басылым жолаушының сөзін.

Британиялық тағы бір басылым The Sun апат кезінде құтқарылған екі бүлдіршінге назар аударған.

Материалда басылым жараланған сегіз баланың құтқарылғанын жазған.

"Қаза тапқандар саны бойынша түсінбестік бар. Себебі бастапты хабарламаларда кем дегенде 15 адамның қаза болғаны жазылған. Бірақ ортаазиялық елдің ішкі істер министрі 12 адамның қаза тапқанын айтты", - деп жазылған басылымда.

Басылым ұшақтың Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшу бағыты мен оның құлаған сәтін картаға түсіріп көрсеткен.

Материалды сайттың World, яғни "Жаһан" бөлімінен табуға болады.

Оңтүстік Кореядағы ағылшын тілінде жазатын ең ескі газеттердің бірі The Korea Times өз сайтында бүгінгі апат туралы жазған. "Қазақстандағы әуе апатынан қаза тапқан - 12, зардап шеккендер - 49"деген тақырыппен шыққан материалда оқиғаның мән-жайы баяндалған.

"Bek Air ұшағы Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыдан ел астанасына ұшқан соң бетон дуал мен екіқабатты ғимаратқа соққан. Алматы халықаралық әуежайында ол таңғы 7:22-де (Гринвич бойынша 01:22) құлаған", - деп жазылған материалда.

Газет тілшісі Қазақстандағы ұшақтардың қазіргі жағдайы туралы да сөз қозғап өткен.

"Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің көрсеткіші мінсіз деп айтуға келмейді. 2009 жылы Air Astana флагманынан бөлек қазақстандық барлық әуе компаниясына Еуропа Одағында жұмыс істеуге тыйым салынған. Себебі олар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай болмаған. Тыйым тек 2016 жылы алынды", - деп жазылған.

Франциялық France 24 телеарнасының сайтында бүгінгі оқиға туралы толығырақ жазылған. Материал сайттың басты жаңалықтары арасында тұр.