Биыл Денге безгегінен тоғыз адам көз жұмған.
ERNUR.KZ. Сингапурда Денге безгегі өршіп тұр. Тамыз айының басында індетпен ауырғандар саны 9 135-ке жеткен. Бұл, былтырғыдан бес есеге көп, деп жазады ҚазАқпарат.
Елдің Қоршаған орта жөніндегі ұлттық агенттігі (NEA) әдетте Денге безгегі маусым-қазан айларында қозатынын жеткізді. Агенттік өкілдерінің айтуынша, 27 шілдеге дейінгі бір аптаның ішінде Сингапурда 610 адамның ауру жұқтырғаны анықталды.
20 шілдедегі мәлімет бойынша, биыл Денге безгегінен тоғыз адам көз жұмған.
Биыл қаңтардан маусымға дейін безгек тарататын масалардың 60 пайызы тұрғын үйлерді мекен тұтқан.
Оған қарсы күресу мақсатында, өткен айда агенттік арнайы жобаны қолға алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Оның аясында қоршаған ортаға стерильденген масалар шығарылып, сол арқылы мамандар бунақденелілердің көбеюін 90% қысқартуға үмітті.