Жаңадан жасақталған бір палаталы Халық кеңесіне 210 депутат кіреді.
Фото: delfi.lt
ERNUR.KZ. Сирияда билік басынан Башар Асад кеткенін кейінгі ең алғашқы парламент сайлауы өтті, деп жазады ulysmedia.kz.
Жаңадан жасақталған бір палаталы Халық кеңесіне 210 депутат кіреді. Өкілеттік мерзімі 30 ай. Бірақ ол ұзартылуы да мүмкін.
Депутаттардың үштен бірін президент Ахмед Аш-Шараа тағайындайды. Қалған орындарды сайлау коллегиясы үйлестіреді. Коллегия мүшелерін Аш-Шарааның өзі тағайындайды.
Жаңа парламентте 32 орын әлі бос тұр. Ол шілдеде друздар мен бедуиндер арасында қақтығыс болған Эс-Сувайда, күрдтердің «Сирия демократиялық күштерінің» бақылауындағы Эль-Хасака және Эр-Ракка провинцияларына арналған орындар. Өтпелі үкімет бұл провинцияларда сайлау өткізуді қауіпсіздікке байланысты кейінге қалдырған.
Сайлауға 1578 үміткер кандидатурасын ұсынған. Олардың 14 пайызы әйелдер. Талап бойынша кандидаттардың Асад режиміне қатысы болмауы тиіс және сепаратистік топтарды қолдамауы қажет.