Екі саясаткер Аргентинада өтетін Үлкен жиырмалық саммитінде жүздескелі жатқан.
ERNUR.KZ. Бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путинмен жоспарланған кездесуден бас тартты. Екі саясаткер Аргентинада өтетін Үлкен жиырмалық саммитінде жүздескелі жатқан.
Twitter жазбасында Трамп бұл шешіміне Қара теңізде Ресейдің украиналық кемелер мен теңізшілерді тұтқындап, жібермей отырғаны себеп болғанын хабарлады.
29 қараша күні таңертең Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльдің екі президент кездесуін жоспарлап жатқанын айтқан.
Екі күндік G20 саммиті Аргентинада 30 қараша күні басталады. 28 қарашада The Washington Post газетіне берген сұхбатында Трамп Путинмен кездеспеуі мүмкін екенін мәлімдеген. Ол көмекшілерінен Керчь бұғазында болған жанжалға қатысты есеп күтіп отырғанын айтқан. 25 қарашада Қара теңізде Ресей Украинаның 24 әскери қызметкері мен үш кемесін "территориямызға заңсыз өтті" деп ұстап әкеткен. Киев бұл айыптауды жоққа шығарып, елде ішінара әскери жағдай жариялаған. Трамп Кремльдің бұл әрекетін "агрессия" деп сипаттаған.
Осы жағдайға байланысты АҚШ үкіметі Еуропа Одағын Ресейге салған санкцияларын қатайта түсуге және "Солтүстік ағыс - 2" энергетикалық жобасын қайта қарауға үндеген.Дереккөз:centralasian.org/a