Талапқа Сапармұрат Түркіменбасы атындағы мемлекеттік драма театрының актерлері, Балқан уәлаятының мәдениет орталықтарының қызметкерлері және танымал әншілер іліккен.
фото: mg-fotki
ERNUR.KZ. Түркіменстанда мәдениет қызметкерлеріне бір ай ішінде «артық салмақтан арылу» тапсырылды, деп жазады ulysmedia.kz.
“Азатлык” мәліметінше, жақында Түркіменстан билігі әртістер мен мәдениет саласы қызметкерлеріне артық салмақтан шұғыл түрде арылуды талап етті. Оларға 27 қыркүйекке дейін, яғни елдің Тәуелсіздік күніне орай артық килоларды тастау міндеттелген. Бұл тапсырма қатаң түрде айтылып, егер бір айдың ішінде «қалыпқа келмесе», сахнадағы және телетүсірілімдердегі өнер көрсетулеріне тыйым салынатыны ескертілді.
Талапқа Сапармұрат Түркіменбасы атындағы мемлекеттік драма театрының актерлері, Балқан уәлаятының мәдениет орталықтарының қызметкерлері және танымал әншілер іліккен. Тіпті халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістер де бұл талаптан тыс қалмаған.
Жергілікті БАҚ деректеріне қарағанда, мұндай талаптар елде бұрын да қойылған. Бұл мемлекет насихаттап отырған «салауатты өмір салты, спорт және дұрыс тамақтану» идеологиясына толық сәйкес келеді. Мұндай саясатты бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедов те, қазіргі президент Сердар Бердімұхамедов те қолдап келеді.
Алайда қазір түркімен әртістері бұл тапсырманы орындау оңай емес екенін айтуда. «Азатлык радиосының» хабарлауынша, айына 3000 манат алатын мәдениет қызметкерлерінің сапалы тағамды тұрақты сатып алуға немесе спортзалға баруға шамасы жетпейді. Жаттығу залына абонемент құны жалақының үштен біріне тең. Сондықтан биліктің «мінсіз болыңдар» деген талабы мәдениет қызметкерлері үшін іс жүзінде орындалмайтын шарт болып тұр.