2025 жылы жекеменшік университеттер бөлінген орындардың орта есеппен 75,8%-ын ғана толтыра алған.
Сурет: pixabay
2025 жылы жекеменшік университеттер бөлінген орындардың орта есеппен 75,8%-ын ғана толтыра алған. Бұл – соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткіш. Кейбір оқу орындары жоспарланған студенттердің жартысын да жинай алмаған. Daily News басылымының жазуынша, бұл жағдай, әсіресе, қаржыландыруының 80%-ы оқу ақысына тәуелді жекеменшік университеттер үшін аса қауіпті.
"Алдағы он жыл ішінде бірқатар университеттердің жабылуы, бірігуі немесе жұмыс форматын түбегейлі өзгертуі мүмкін", – деп ескертеді сала сарапшылары.
Мамандардың пікірінше, талапкерлер санының азаюына бірнеше негізгі фактор әсер етіп отыр:
- 2014 жылдан бері туу көрсеткішінің тұрақты түрде төмендеуі;
- Диплом алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу кепілдігінің азаюы;
- Қысқамерзімді кәсіби курстар мен онлайн-білім берудің танымал болуы;
- Жастардың жоғары білім алмай-ақ еңбек нарығына бірден шығуға ұмтылысы.
Сарапшылар Түркияның жоғары білім беру жүйесі елеулі құрылымдық өзгерістердің табалдырығында тұрғанын, ал бұл жағдайда алғаш болып бейімделуге жекеменшік университеттер мәжбүр болатынын атап өтті.


