Украинада мектепте сабақты таза ауада өткізу ұсынылды

0
669

Сабақты таза ауада өткізу – барлық мектептерге берілген кеңес.


Украинада мектепте сабақты таза ауада өткізу ұсынылды

ERNUR.KZ. Украинада барлық мектептерге жаңа оқу жылында сабақты таза ауада өткізу ұсынылды. Бұл туралы баспасөз брифингі кезінде жаңа оқу жылының ерекшеліктерін түсіндірген Украина білім министрінің міндетін уақытша атқарушы Сергей Шкарлет мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, ол сабақты таза ауада өткізу – барлық мектептерге берілген кеңес екенін мәлімдеді. 1 қыркүйекте дәстүрлі мектеп жиыны өткізілмейді. Бұл адамдардың жиналуына жол бермейді. 1 қыркүйекте мектеп оқушылары үшін пандемия жағдайындағы өмір мен білім алу туралы сабақ өткізіледі.

Елдің білім министрінің айтуынша, әр мектепке эпидемиялық қауіпсіздік ережелерін сақтау: маска тағу ережелері, әлеуметтік қашықтық, гигиена ережелері, қызметкерлердің дене қызуын өлшеу туралы арнайы суретті ақпараттық материал жіберілді.

Шкарлет оқушылар мен мұғалімдерді мектепке жеткізетін арнайы көлікте ерекше ережелер сақталуы тиіс екенін атап өтті: мұнда барлық адам міндетті түре маска тағып, жүргізушілердің дене қызуы күн сайын өлшенеді, күніне екі рет дезинфекция жасалады, жолаушылар саны отыратын орын санынан аспауы тиіс.

БҒМ басшысы мектеп жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық заттарды сатып алуға міндетті емес екенін, ал қорғаныс маскаларын сатып алмай, қолдан тігілгенін қолдануға болатынын еске салды.

Егер мектепте арнайы құралдармен жабдықтауда кемшіліктер мен проблемалар туындаса, ата-аналар мен мұғалімдер ол туралы жергілікті билік органдарын ақпараттандыруға немесе білім министрлігінің жедел желісіне телефон соға алады.