Өзбекстанда мәжбүрлі жұмысқа жегу тоқтатылмақ

0
1 444

Әлемде мақта экспортынан алғашқы орындардың бірінде тұрған Өзбекстанда жыл сайын студенттер, мұғалімдер мен дәрігерлер еріксіз мақта теруге жұмылдырылады.


Өзбекстанда мәжбүрлі жұмысқа жегу тоқтатылмақ

көрнекі сүрет

Өзбекстан үкіметі елде міндетінен тыс жұмысқа жегуді мүлде жоятын декрет қабылдады. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады

Әлемде мақта экспортынан алғашқы орындардың бірінде тұрған Өзбекстанда жыл сайын студенттер, мұғалімдер мен дәрігерлер еріксіз мақта теруге жұмылдырылады. 2015 жылы бұл елде халықаралық қауымдастықтың қысымымен кәмелетке толмағандарды мәжбүрлі жұмысқа салу тоқтатылған.

10 мамырда қабылданып, 11 мамыр күні жарияланған құжатта мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер және мемлекеттік оқу орындарының студенттерін көше тазалау немесе мақта теру сияқты жұмыстарға жегуге тыйым салынатыны айтылған.

Декретте сонымен қатар мемлекеттік агенттіктерге, оның ішінде Бас прокуратура мен Еңбек министрлігіне Өзбекстанда мәжбүрлі жұмысқа жегудің алдын алу шараларын жасауға тапсырма берілген.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2017 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген кезінде Өзбекстандағы мәжбүрлі жұмысқа жегу мәселесін қозғап, бұл тәжірибені жоюға уәде берген.

Өзбекстан әлемде мақта экспорты көлемі жағынан бесінші орында тұр. Өзбекстан экспорттайтын мақтаның 60 пайызға жуығы Қытай, Бангладеш, Түркия және Иранға жөнелтіледі.

Бұл ел жыл сайын мақта экспортынан 1 миллиард долларға жуық пайда табады. Бұл сома елдегі жалпы ішкі өнім көлемінің төрттен бірін құрайды.