Қазақстандық әйел мен баласы Оңтүстік Кореяда өлі табылды

0
76

Тергеу барысында қылмыстық топтың Қазақстан аумағынан әрекет еткені анықталған.


Қазақстандық әйел мен баласы Оңтүстік Кореяда өлі табылды

Фото: joongang.co.kr

ERNUR.KZ. Алматыда жұмыс істеген алаяқтар Оңтүстік Кореяда 100-ден астам адамды алдап, 2 миллиард теңгеге жуық қаражатты жымқырған, деп жазады inbusiness.kz.

Қайғылы оқиға 20 маусымда болған. Полиция мәліметінше, отбасы ұзақ уақыт бойы қаржылық қиындық көрген. Оқиға орнынан табылған хатта 20 жастағы жігіттің телефон алаяқтарының кесірінен қиын жағдайға тап болғаны жазылған.

Тергеу барысында оның қайғылы оқиғаға дейін алаяқтарға алданып, шамамен 50 миллион воннан (17 миллион теңгедей) айырылғаны анықталды. Жігіт 6 маусымда Сеул полициясына жүгінсе де, арада екі апта өткенде оның және анасының мәйіті табылды.

Алаяқтар жігітке хабарласып, өзін прокурор ретінде таныстырған. Олар оның аты қылмыскерлер пайдаланатын жалған банк шоттарына қатысты іске тіркелгенін айтып, тергеу жүріп жатқанын жеткізген. Содан кейін күдіктенген азаматты жақын маңдағы мотельге көшіп, басқа адамдармен байланысын үзуге көндірген.

Тергеушілердің мәліметінше, қылмыстық топ құрбандарын кездейсоқ таңдамаған. Олар заңсыз жолмен алынған жеке деректер базасынан 20-30 жас аралығындағы адамдардың телефон нөмірін тауып, соларға хабарласқан.

Осы оқиғадан кейін Сеул қалалық полициясы тергеу жүргізіп, анасы мен баласына қатысты істе қолданылған алаяқтық тәсілдердің Қазақстанда жұмыс істеген телефон алаяқтары тобының әдістерімен бірдей екенін анықтаған. Сондықтан, істі кейінірек осы топтың қызметін тергеп жатқан Пусан қалалық полиция басқармасына тапсырған.