Қиындықты жеңетін «ҮШ ЖАҚСЫ» ережесі

0
54

​Кейде бақытты болу үшін өмірді өзгертудің қажеті жоқ. Оған деген көзқарасымызды өзгертуден бастасаңыз да жеткілікті.


Қиындықты жеңетін «ҮШ ЖАҚСЫ» ережесі

Фото: ЖИ

Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Кейде таңертең жақсы көңіл күймен оянғанымызбен, күн ішінде бірінен соң бірі күтпеген жағдайлар орын алады. Жоспарлаған жұмысымыз аяқсыз қалады, маңызды кездесу кейінге шегеріледі, біреудің орынсыз сөзі көңілімізге тиеді немесе болмашы нәрсеге ашуланып, бүкіл күнімізді бұзып аламыз. Осындай сәттерде адамның назары жақсы нәрселерден гөрі, сәтсіздік пен кедергілерге көбірек ауады. Бір жағымсыз оқиғаға бола күні бойы жабырқап жүруіміз де сондықтан.

Ал егер сол жағдайға деген көзқарасымызды сәл өзгертсек ше? Кез келген қиындықтың ішінен өзімізге пайдалы үш нәрсені табуға тырыссақ ше? Мұның қарапайым, бірақ ойлау жүйесіне оң әсер ететін бір әдісі бар. Ол – «Үш жақсы» ережесі.

Бұл әдісті бір психологиялық тренингте естідім. Орындап жүргеніме алты айдай уақыт болды. Шынымды айтсам, күнделікті өмірдегі ұсақ-түйекке бола ашулануды азайтып, күтпеген жағдайларға сабырмен қарауға көмектесіп жүр.

Ереженің мәні өте қарапайым: қандай да бір жағымсыз жағдай орын алғанда, ашулана бастағаныңызды сезсеңіз, бір сәтке тоқтаңыз. Терең тыныс алып, өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: «Осы жағдайдың қандай үш жақсы жағын таба аламын?». Содан кейін үш рет «Жақсы болды, өйткені...» деген тіркесті жалғастырып айтыңыз.

Бұл – болған оқиғаны ақтау, қиындықты елемеу немесе өзіңізді жасанды түрде бақытты сезінуге мәжбүрлеу емес. Керісінше, жағдайдың жағымсыз тұсымен қатар, одан шығудың жолын, пайдалы мүмкіндігін және өзіңізге беретін сабағын байқауға үйрететін тәсіл.


«Үш жақсы» ережесін күнделікті өмірде қалай қолдануға болады?

1-мысал. Күтпеген жерден көлік дөңгелегі жарылды делік. Елестетіңізші, сенбі күні көлікпен ауылға бармақ болып, аулаға шықтыңыз делік. Бірақ машинаның бір дөңгелегі тесіліп, желі шығып кеткенін байқадыңыз. Әрине, алғашқы реакцияңыз ашулану болуы мүмкін. Жоспарыңыз бұзылды, уақыт жоғалттыңыз.

Енді осы жағдайға «Үш жақсы» ережесімен қарап көріңіз:

  1. Жолға шығып кеткеннен кейін емес, үйдің алдында байқағаным жақсы болды.
  2. Қосалқы дөңгелегімнің (запаска) бар болғаны қандай жақсы!
  3. Дөңгелектерімді тексертіп, көлігімнің техникалық жағдайын реттеп алатын болдым.

Бір қарағанда, жағымсыз оқиға. Алайда осы ойлар арқылы мәселені ушықтырмай, шешім іздеуге көшесіз.


2-мысал: Жұмысқа қабылданбай қалдыңыз. Иә, көптен күткен жұмыс сұхбатынан өтпедіңіз. Әрине, бұл көңілге ауыр тиюі мүмкін. «Менің қолымнан ештеңе келмейді», «Енді жұмыс таба алмаймын» деген ойлар мазалай бастайды.

Ал «Үш жақсы» ережесі бойынша ойланып көріңізші.

  1. Өзімді сынап көруге мүмкіндік алғаным жақсы болды.
  2. Сұхбат кезінде қай тұсымды дамыту керектігін түсіндім.
  3. Енді басқа жұмыс орындарына да өтініш беріп, бүгін жіберген қателіктерді жібермеудің жолын іздеймін.

Мұнда бастысы – сәтсіздікті жетістік деп көрсету емес, оны келесі қадамға қажетті тәжірибе ретінде қабылдау.

Әрине, бұл өзгенің дөрекілігіне немесе әділетсіздігіне үнсіз көне беру деген сөз емес. Қажет болса, өз шекараңызды қорғап, мәселені ашық айтуға болады.



«Үш жақсы» ережесі қалай жұмыс істейді?

Бұл әдістің тиімділігі оның адам назарын бір ғана жағымсыз оқиғаға шоғырландырмай, жағдайға кеңірек қарауға үйретуінде.

- Біріншіден, жағымсыз ойлардың шеңберінен шығуға көмектеседі. Адамның миы қауіп-қатер мен жағымсыз ақпаратты тез байқайды. Психологияда мұны негативке бейімділік деп атайды. Мысалы, бір күн ішінде он адам мақтап, бір адам сынаса, көбіне сол бір адамның сөзі есімізде ұзақ сақталады.

«Үш жақсы» ережесі назарымызды саналы түрде басқа арнаға бұрады. Біз тек ненің дұрыс болмағанын емес, ненің жақсы болғанын, қандай мүмкіндігіміз бар екенін де байқай бастаймыз.

- Екіншіден, эмоционалды тұрақтылықты қалыптастырады. Күтпеген жағдайға тап болғанда бірден ашуланудың орнына кідіріп, үш жақсы нәрсені іздеу эмоция мен әрекеттің арасындағы қысқа үзілісті қалыптастырады. Сол үзіліс адамның ойланбай әрекет етуіне жол бермейді.

Мысалы, біреудің сөзіне ренжігенде бірден ауыр сөзбен жауап қайтармай, өзіңізді сабырға шақырасыз. Нәтижесінде кейін өкінетін әрекеттен сақтануыңыз мүмкін.

- Үшіншіден, мәселені шешуге бағыттайды. Бұл ереженің ең маңызды тұсы – адамды шағымданудан әрекет етуге жетелеуі. «Неге үнемі менімен осылай болады?» деген сұрақтың орнына «Енді не істей аламын?» деген сұраққа жауап іздей бастайсыз.

Мәселен, жоспарлаған жобаңыз жүзеге аспаса, өзіңізді кінәлаудың орнына оның қай тұсы сәтсіз болғанын талдап, келесі жолы нені өзгерту керектігін анықтайсыз.

- Төртіншіден, ризашылық сезімін дамытады. Кейде біз қолымызда бар нәрселердің қадірін байқамаймыз. Денсаулығымыз, отбасымыз, баспанамыз, жұмысымыз, жақындарымыздың амандығы – күнделікті өмірде үйреншікті нәрсеге айналып кетеді.

Ал қиындықтың ішінен үш жақсы нәрсені іздеу барымызды бағалауға үйретеді. Бұл адамның өмірге деген көзқарасын біртіндеп өзгертуі мүмкін.

- Бесіншіден, оптимистік ойлау дағдысын қалыптастырады. Оптимист болу – қиындықтың бар екенін мойындай отырып, одан шығатын жолдың да бар екенін түсіну.

- Алтыншыдан, өзгерте алмайтын ауа райына, өзгенің мінезіне, күтпеген оқиғалар мен өткен күнге деген көзқарасымызды өзгертуге көмектеседі.

Үнемі жаттығу арқылы адам жағымсыз жағдайға біржақты баға бермей, оның басқа қырларын да көруге дағдыланады. «Үш жақсы» ережесін қолдануды күнделікті өмірге енгізу үшін арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Ең бастысы – оны тұрақты дағдыға айналдыру керек. Яғни бір мәселеге ашуланған сәтте 10-15 секунд кідіріп, терең тыныс алыңыз. Үш жақсыны іздеп көріңіз.

  1. Жақсы болды, өйткені...
  2. Жақсы болды, өйткені...
  3. Жақсы болды, өйткені...

Мүмкін, дәл осы үш сөйлем сіз байқамай тұрған мүмкіндікті көруге, дұрыс шешім қабылдауға және көңіл күйіңізді қалпына келтіруге көмектесер.

Ескертетін жайт, егер жағдай шынымен ауыр болса, оның ауыр екенін мойындаңыз, эмоцияны сезініңіз, көмек сұраңыз. Өйткені "Үш жақсы" ережесі қайғыны басып тастау үшін емес, қиындықпен күресуге қосымша күш табу үшін қажет.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

ӘКЕ мен ҚЫЗЫНЫҢ арасында сақталуы тиіс 6 ереже

БАЛАҢЫЗ 20 жасқа толғанда сізге РАҚМЕТ айтатын ЕҢ ҚҰНДЫ 4 естелік