Шымкенттің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа орталық ашылды

0
38

Бұдан бөлек, университет жанынан AUEZOV AI MEDIA STUDIO интерактивті білім беру медиастудиясы ашылды.


Шымкенттің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа орталық ашылды

Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға бағытталған жаңа Форсайт орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен және қала әкімдігімен бірлесіп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті базасында құрылды.

Жаңа орталық ғылым мен өндіріс байланысын нығайтып, қаланың өзекті мәселелеріне ғылыми шешімдер әзірлеуге және зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге бағытталған.
Ашылу салтанатына орай ұйымдастырылып, өңір ғылымының басым бағыттарын айқындауға арналған форсайт сессияға Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен өндіріс мамандары қатысты. Жиында Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында белгіленген өнеркәсіпті технологиялық жаңарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және жасанды интеллектіні дамыту міндеттері талқыланды.
Сондай-ақ, көмірді терең өңдеу, өндірістік қалдықтан инелі кокс алу, экологиялық қауіп-қатерді бағалау, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және медицинада жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы жобалар таныстырылды.
Форсайт орталығы Шымкенттегі кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдардың өзара байланысын арттырып, өндіріс сұранысына сай зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп, қаланың өнеркәсіптік және инновациялық әлеуетін дамытуға негіз болады.
Бұдан бөлек, университет жанынан AUEZOV AI MEDIA STUDIO интерактивті білім беру медиастудиясы ашылды. Мұнда жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып бейнесабақтар мен цифрлық оқу материалдарын әзірлеуге жағдай жасалған. Аталған бастамалар Шымкентте ғылым, білім және өндіріс салаларының ықпалдастығын дамытуға бағытталып отыр.
Бөлісу