Дәрігер-нарколог: Жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтай аламыз!

0
253


Дәрігер-нарколог: Жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтай аламыз!

Есірткі мен нашақорлық – әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында қауіпті тәуелділіктердің бірі. Бұл мәселеден сақтандыру үшін ата-аналар, мұғалімдер, және қоғам болып бірігіп, тиімді шешу жолдарын қолдануы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында ерекше тоқталып, қоғамдағы бес кеселді атап көрсеткен болатын.

"Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет" деген еді.

Рсы орайда еліміздің келешегі, ертеңіміздің сенімі болып отырған жастарды осынау қатерлі тәуелділіктен, соның ішінде есірткіден қорғаудың бірнеше тәсілдері мен нақты шешу жолдары бар екендігін айтады дәрігер нарколог Марат Байдаралиев.


1. Білім беру және ақпараттандырудың рөлі маңызды

Жастарға есірткінің зиянды әсері мен тәуелділік салдары туралы ақпарат беру маңызды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында зиянды әдеттердің салдары туралы дәрістер ұйымдастырып, есірткіден туындайтын қауіпті түсіндіру қажет. Бұл шаралар тек қана теориялық емес, нақты мысалдар мен тәжірибелік іс-шаралар арқылы өткізілгені жөн.

Ата-аналар мен мұғалімдерге арналған кеңестер:

  • Балалар мен жасөспірімдермен жиі әңгімелесіп, оларға дұрыс ақпарат беру.
  • Жасөспірімдерге дұрыс таңдау жасауды үйретіп, «жоқ» деп айту қабілеттерін дамыту.


2. Жастарға психологиялық қолдау және түсіністік таныту ауадай қажет

Жасөспірімдер жиі стресс, қысым және өзіндік орын табу мәселелерімен бетпе-бет келеді. Осы сәттерде оларға психологиялық қолдау көрсету маңызды. Мектептерде психологтардың тұрақты қызметін қамтамасыз етіп, жасөспірімдердің ішкі күйзелістерін шешуге көмектесу олардың нашақорлыққа қарсы тұруын күшейтеді.

Ата-аналарға арналған кеңес:

  • Балаңыздың психологиялық жағдайын қадағалап, өзгерістерге назар аудару.
  • Баламен ашық әңгімелесіп, оның ойлары мен сезімдерін тыңдау.


3. Жастарды қызықты іс-шараларға тартудың көмегі көп

Спорт, өнер, музыка, волонтерлік және басқа да пайдалы іс-шараларға қатысу жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл оларды қызықтырмайтын немесе қауіпті әрекеттерден аулақ болуға ынталандырады.

Жастарға арналған ұсыныстар:

  • Спорт секцияларына, музыка немесе өнер үйірмелеріне қатысу.
  • Волонтерлік ұйымдарға қосылып, қоғамдық іс-шараларға араласу.


4. Құқықтық шектеулер мен қадағалау қажет

Заңнамалық деңгейде есірткі таралымын шектеу, қылмыстық жауапкершілікті күшейту және тиісті бақылау органдарының тиімді жұмысын ұйымдастыру есірткіге қолжетімділікті азайтуға көмектеседі. Мектептер мен оқу орындарында есірткі мәселесіне қатысты алдын алу жұмыстарын күшейту қажет.

Ата-аналар мен мұғалімдерге кеңес:

  • Заңнаманы түсіндіру, нашақорлықтың құқықтық салдарын жастарға жеткізу.
  • Ата-аналарға және мұғалімдерге есірткі мәселесі туралы тренингтер өткізу.


5. Қауіп-қатер топтарын анықтап, мақсатты көмек көрсету

Әлеуметтік қиын жағдайдағы, ата-ана қамқорлығынан айрылған немесе күйзелісті жағдайларды жиі басынан өткізетін жастардың есірткіге әуестену қаупі жоғары. Осы топқа жататын жасөспірімдерге арнайы психологиялық қолдау көрсету және олардың мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдау маңызды.

Қоғамдық ұйымдарға ұсыныс:

  • Арнайы топтарға арналған реабилитациялық бағдарламалар ұйымдастыру.
  • Ата-аналарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.


6. Өнегелі тұлғаларды үлгі ету

Жастарға белгілі тұлғаларды, спортшыларды, өнер адамдарын немесе қоғамға пайдалы тұлғаларды үлгі етіп көрсету де үлкен әсер етеді. Әлеуметтік желілер арқылы нашақорлықтан бас тартқан немесе салауатты өмір салтын ұстанатын тұлғалардың өмірлік тәжірибелерін насихаттау жастарға оң ықпалын тигізеді.

Медиа құралдарыны да қоғамның мұндай өзекті мәселесімен күресте шет қалмаулары тиіс және олардың ықпалы да жоғары болмақ. Барынша салауатты өмір салты туралы роликтер мен бағдарламалар әзірлеп, жастар арасында танымал тұлғалардың нашақорлықтан бас тартуға бағытталған тәжірибелерін көрсету сияқты жұмыстар нәтижесін береді.

Есірткі мен нашақорлықтың алдын алу – бұл көпжақты әрі күрделі міндет, бірақ бірлескен әрекет пен жүйелі шешімдер арқылы жастарды зиянды әдеттерден қорғау мүмкін. Ең бастысы – қоғам болып оларды түсіну, қолдау және дұрыс бағыт беру қажеттігін баса айтады мамандар.