​Кірісі жақсы болған кездің өзінде банк кредит беруден неге бас тартады

0
227

Кіріс – маңызды, бірақ жалғыз өлшемшарт емес


​Кірісі жақсы болған кездің өзінде банк кредит беруден неге бас тартады

Жоғары жалақы, тұрақты жұмыс және ірі шығыстардың жоқтығы - бұл кредит алу үшін жеткілікті сияқты. Алайда, кірісі жақсы болғанның өзінде банк қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Неліктен осылай болып жатыр және қаржы ұйымдары өтінімді қарау кезінде неге назар аударады?

Мәселе мынада, қарыз алушының төлем қабілеттілігі тек жалақы мөлшерімен ғана айқындалмайды. Банк қолданыстағы міндеттемелерді, кредиттік тарихты, кірістердің тұрақтылығын, сұратылатын кредиттің шарттарын және заңнаманың талаптарын ескереді.

Банктің шешіміне қандай факторлар әсер етуі мүмкін және қайта өтінім беру алдында не тексеру керек, Fingramota.kz. айтып береді.


Кіріс – маңызды, бірақ жалғыз өлшемшарт емес

Кредиттік өтінімді қарау кезінде банк қарыз алушының кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде берешекті уақтылы өтей алатынын бағалайды. Сондықтан кіріс мөлшері ғана емес, оның қандай бөлігі қаржылық міндеттемелерді орындауға бағытталатыны да маңызды. Мысалы, екі адам айына 600 мың теңгеден алады. Бірінші адамда қолданыстағы кредиттері жоқ, ал екінші адам ай сайын ипотека, автокредит және тұтынушылық қарыз төлейді. Жалақының бірдей болуына қарамастан, олардың жаңа кредитке қызмет көрсету мүмкіндіктері айтарлықтай ерекшеленеді.

Бұдан басқа, банк кірістердің тұрақтылығын, кредиттік тарихты және сұратылған қарыз өлшемдерін ескереді. Жақсы табысы бар қарыз алушының да бас тартуының негізгі себептерін қарастырайық.


Жоғары борыш жүктемесі

Төлем қабілеттілігін бағалау кезіндегі негізгі көрсеткіштердің бірі - борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК). Ол қарыз алушы кірісінің қандай бөлігі кредиттік міндеттемелерді өтеуге бағытталатынын көрсетеді.

Қазақстанда БЖК жалпы шекті деңгейі, әдетте, 50%-ды құрайды. Бұл қолданыстағы және жоспарланып отырған кредиттер бойынша ай сайынғы жиынтық төлемдер көрсеткішті есептеу кезінде ескерілетін кірістің жартысынан аспауы тиіс дегенді білдіреді. Қарыз алушылардың жекелеген санаттары үшін неғұрлым қатаң шектеулер көзделген.

Мысалы, адам айына 600 мың теңге табады және қазірдің өзінде кредиттер бойынша 220 мың теңге төлейді. Егер есептеу кезінде осы кірістің барлығы ескерілсе, оның ағымдағы борыш жүктемесі шамамен 36,7%-ды құрайды. БЖК-ның шекті мәні 50% болған кезде кредиттік төлемдердің жалпы сомасы 300 мың теңгеден аспауы тиіс. Демек, жаңа кредитке ай сайынғы төлем 80 мың теңгеден аспайды. Алайда, тіпті бұл жағдайда да, егер төлем қабілеттілігінің басқа көрсеткіштері оның талаптарына сәйкес келмесе, банк бас тарта алады.

Борыш жүктемесін есептеу кезінде кәдімгі ай сайынғы төлемдер ғана емес, кредиттік карталар, бөліп-бөліп төлеу, микрокредиттер және басқа да қарыздар бойынша міндеттемелер де белгіленген тәртіпке сәйкес ескерілуі мүмкін.

Маңызды: 50% болатын шекті БЖК – табыстың жартысын қарыздарды өтеуге бағыттау ұсынымы емес, бұл – реттеушілік шектеу. Кредиттік төлемдерден кейін қарыз алушының күнделікті шығыстары мен күтпеген жағдайларға қаражаты қалуы керек.


2. Кредиттік тарих және төлем тәртібі

Жоғары кірістің өзі алдыңғы кредиттерді өтеу мерзімін бұзумен байланысты барлық тәуекелдерді өтемейді.

Өтінімді қарау кезінде қаржы ұйымы қарыз алушының кредиттік тарихын: қолданыстағы және өтелген қарыздар, жол берілген мерзімі өткен және міндеттемелердің орындалуы туралы мәліметтерді зерделейді.

Ағымдағы берешек пен төлемдерді уақтылы төлемеу жағдайлары ерекше маңызға ие. Бұл ретте банк кредиттік тарихты басқа көрсеткіштермен бірге бағалайды, сондықтан төлем мерзімін кешіктірудің болмауы өзінен-өзі мақұлдауға кепілдік бермейді.

Өтініш берер алдында дербес кредиттік есепті тексеру ұсынылады. Кейде онда қателер кездеседі: мысалы, өтелген қарыз қолданыстағы болып саналады немесе адам ресімдемеген міндеттемені көрсетеді. Егер анық емес ақпарат анықталса, оларды даулауға болады. Тексеруден кейін расталған қатені түзету керек.

Төлем мерзімін кешіктіру туралы сенімді мәліметтерді алып тастауға немесе кредиттік тарихты жақсартуға кепілдік беретін делдалдарға сенбеңіз.


3. Банк мәлімделген барлық кірістерді есепке алмауы мүмкін

Банк шотына түсетін барлық түсімдер төлем қабілеттілігін есептеу үшін пайдалануға болатын кіріс ретінде автоматты түрде танылмайды.

Мысалы, жалақыдан басқа, адам сыйлықақы, жылжымайтын мүлікті жалға алу, қосымша жұмыс немесе кәсіпкерлік қызметтен кіріс ала алады. Алайда, қаржы ұйымы мұндай түсімдерді олардың жүйелілігін, растайтын құжаттар мен қолданыстағы талаптарды ескере отырып бағалайды.

Бір реттік сыйлықақы міндетті түрде жоғары табыстың дәлелі бола бермейді, ал тұрақты емес тапсырыстардан түскен кіріс ай сайын айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Сондықтан қарыз алушы өзінің ай сайынғы кірісі деп санайтын сома банктің кредиттік өтінімді бағалау үшін қабылдаған сомасынан өзгеше болуы мүмкін.

Егер сізде бірнеше кіріс көзі болса, олардың қайсысы ескерілуі мүмкін екенін және растау үшін қандай құжаттар талап етілетінін алдын ала нақтылау қажет.


4. Кредиттің сомасы мен мерзімі қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес келмейді

Бас тартудың себебі қолданыстағы міндеттемелер ғана емес, жаңа қарыз өлшемдері де болуы мүмкін.

Мысалы, адам қысқа мерзімге ірі соманы сұратады. Тіпті табысы жақсы болса да, ай сайынғы төлем тым жоғары болуы мүмкін. Кредит беру мерзiмiнiң ұлғаюы төлем мөлшерiн төмендетуге мүмкiндiк бередi, алайда өзге де тең жағдайларда жалпы артық төлеудiң өсуiне алып келуi мүмкiн.

Өтінімді бағалау кезінде банк кредиттің сомасын, өтеу мерзімін, болжамды ай сайынғы төлемді, қамтамасыз етудің болуын және нақты кредиттік өнімнің шарттарын ескереді.

Сондықтан бір өтінім бойынша бас тарту кредит алу мүмкін емес дегенді білдіре бермейді. Кейде сұратылатын сома немесе мерзім қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға сәйкес келмейді.

Бірақ кредит өлшемдерін өзгертпес бұрын, ай сайынғы төлем мөлшерін ғана емес, қарыздың жалпы құнын да есептеу қажет.


5. Кредиттер беру кезіндегі қосымша шектеулер

Қазақстанда халықтың шектен тыс борыш жүктемесін азайтуға және кредиттік тәуекелі жоғары қарыз алушыларға жаңа қарыздар беруді шектеуге бағытталған талаптар қолданылады.

2025 жылғы 24 қарашадан бастап кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге қосымша шектеулер енгізілді.

Атап айтқанда, олар банктік қарыздар бойынша ағымдағы мерзімі өткен берешегі 30 күнтізбелік күннен асатын немесе микрокредиттер бойынша бір күннен асатын қарыз алушыларға қатысты.

Сондай-ақ, егер ол міндеттемелерді тиісінше орындауға ықпал етпесе, соңғы 36 айдағы берешекті толық кешіру және алдыңғы 12 ай ішінде жүргізілген қайта құрылымдаудың жекелеген жағдайларына байланысты шектеулер көзделген. Бұл ретте осындай шектеулерді қолданудың заңнамада белгіленген шарттары ескеріледі.

Бұдан басқа, соңғы 12 айда 90 күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар үшін борыш жүктемесінің шекті коэффициенті 50% жалпы деңгейінің орнына 25%-ды құрайды.

Осылайша, табыс жоғары болғанның өзінде адам жаңа кредит алу мүмкіндігін шектейтін қосымша талаптарға түсуі мүмкін.

Бұл ретте бұрын кешіктірулердің болуы барлық жағдайларда автоматты түрде бас тартуды білдірмейді. Берешектің ұзақтығы, оның ағымдағы мәртебесі және қарыз алушыға қолданылатын талаптар маңызды.


6. Банктің ішкі кредит саясаты

Заңнамада белгіленген талаптардан басқа, қаржы ұйымдары кредиттік тәуекелдерді бағалауға өз тәсілдерін қолданады.

Банктер кірістердің тұрақтылығын, жұмыспен қамту сипатын, қолданыстағы міндеттемелерді, кредит тарихын және сұралатын қарыздың өлшемдерін әртүрлі бағалауы мүмкін. Сондықтан әртүрлі банктердегі ұқсас өтінім бойынша шешім өзгеше болуы мүмкін.

Бұл ретте, кредит беруден бас тартылған жағдайда оның себебі әрдайым егжей-тегжейлі түсіндірме берілмейді. Банк қабылданған шешімнің себептері туралы тек жалпы ақпаратты ұсынуға құқылы, бірақ өзінің ішкі скорингтік модельдерінің барлық ерекшеліктерін ашуға міндетті емес.

Егер сізге кредит берілмесе, бірден бірнеше қаржы ұйымына жаппай өтінім жолдауға асықпаған жөн. Алдымен жеке қаржылық көрсеткіштеріңізді тексеріп, мұндай шешімге қандай мән-жайлардың әсер етуі мүмкін екенін анықтап алған пайдалы.


Қайта өтінім бермес бұрын нені тексеру керек?

Жаңа кредит алуға жүгінбес бұрын, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап, қолданыстағы міндеттемелеріңіз туралы ақпараттың анықтығына көз жеткізу ұсынылады.

1. Борыш жүктемесін есептеңіз. Барлық кредиттерді, микрокредиттерді және бөліп төлеулерді өтеуге ай сайын қанша қаражат жұмсайтыныңызды анықтаңыз. Банк БЖК-ні белгіленген ережелер бойынша есептейтінін ескеріңіз.

2. Кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Кредиттік есепте қолданыстағы және жабылған қарыздарыңыз, берешек сомалары мен мерзімін өткізіп алу туралы мәліметтердің дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізіңіз.

3. Барлық қаржы міндеттемелерін нақтылаңыз. Төлем қабілеттілігін бағалау кезінде ескерілуі мүмкін кредиттік карталарды, белгіленген лимиттерді және басқа де міндеттемелерді тексеріңіз.

4. Табысты растайтын құжаттарды дайындаңыз. Егер бірнеше дереккөзден табыс табатын болсаңыз, олардың тұрақтылығын қандай құжаттармен растауға болатынын банктен нақтылап алыңыз.

5. Кредит өлшемдерін қайта қараңыз. Сұралып отырған соманың мүмкіндіктеріңізге қаншалықты сәйкес келетінін бағалап, ай сайынғы төлем мөлшері мен жалпы артық төлемді есептеп шығыңыз.

6. Банктің талаптарын нақтылаңыз. Мүмкіндік болса, кредит беруден бас тарту себептерін түсіндіруді сұраңыз және өтінімді қайта қарау үшін қандай шарттарды орындау қажет екенін біліңіз.

Отбасылық бюджетке тигізетін зардаптарын бағаламай, бас тарту мәселесін анағұрлым қымбат кредит немесе микрокредит рәсімдеу арқылы шешуге тырыспаған жөн. Егер бас тарту себебі жоғары борыш жүктемесіне байланысты болса, алдымен қолданыстағы міндеттемелерді азайтып, жаңа қарыз алу мүмкіндігін содан кейін ғана қарастырған дұрысырақ болады.

Есіңізде болсын: кредит беруден бас тарту әрдайым табыстың жеткіліксіздігіне немесе нашар кредиттік тарихқа ғана байланысты емес. Банк қолданыстағы міндеттемелерді, төлем тәртібін, қарыздың өлшемдерін және белгіленген шектеулерді ескере отырып, қарыз алушының қаржылық жағдайын тұтастай бағалайды.

Сол себепті, қайта өтінім бермес бұрын бас тартудың ықтимал себептерін түсініп қана қоймай, жаңа кредиттің сіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізге қаншалықты сәйкес келетінін нақты анықтап алу маңызды.

Бөлісу