​Кредиттік карталар бойынша грейс-кезең: ол деген не және оның артықшылықтары қандай

0
119

Егер сіз кредиттік карта ресімдеу туралы шешім қабылдасаңыз, бірінші кезекте, оны ресімдеу талаптарын мұқият зерттеп алыңыз.


​Кредиттік карталар бойынша грейс-кезең: ол деген не және оның артықшылықтары қандай

ERNUR.KZ. Грейс-кезең (немесе жеңілдікті кезең) – бұл кредиттік картаны ұстаушы қарыз қаражаттарын пайыз төлемей пайдалана алатын уақыт. Егер берешекті осы мерзім ішінде өтеген жағдайда, банк пайыз есептемейді, бұл кредиттік картаны өз қаржыңды басқарудың ыңғайлы құралына айналдырады.

Грейс-кезеңнің қалай жұмыс істейтіні, оның артықшылықтары және оның астарында не жатқаны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге талқылап көрелік.

Егер сіз кредиттік карта ресімдеу туралы шешім қабылдасаңыз, бірінші кезекте, оны ресімдеу талаптарын мұқият зерттеп алыңыз: яғни, картаға бір жылдық қызмет көрсету құны, жылдық пайыздық мөлшерлеме қандай, қай кезде ай сайынғы төлемдерді жасап отыру қажет, мерзімін өткізгені үшін қандай өсімпұл және қолма-қол ақша шешіп алған үшін қанша пайыз ұсталатыны жөнінде анықтап алған дұрыс. Есіңізде болсын, кредит алу оны қайтарудан әлдеқайда оңай және оны шартта белгіленген мерзімде жасап отыру қажет.
Менеджерден консультация алуға ерінбеңіз, картаның жеңілдік кезеңі болғаны құптарлық (кредиттік лимитті пайызсыз пайдалану мүмкіндігі), оның ішінде сіз негізгі қарыз сомасына пайыз есептелмей мұндай картамен төлей аласыз. Бұл уақыт аралығы грейс- кезең деп аталады.
Грейс- кезең қалай жұмыс істейді?
Әдетте, грейс-кезең 2 сатыдан тұрады:
1. Есеп айырысу кезеңі (көп жағдайда 30 күн) – бұл клиенттің карта арқылы сатып алулар жасау уақыты. Осы кезеңнің соңында банк қарыз сомасын белгілейді.
2. Төлем кезеңі (әдетте 20-25 күн) – пайыздар төлемеу үшін қарызды өтеу мерзімі.
55 күн құрайтын грейс-кезеңнің жұмыс мысалы:
• 1 ақпанда есеп айырысу кезеңі басталады (30 күн).
• 1 наурызда банк қорытындылайды – берешек сомасы белгіленеді.
• 25 наурызға дейін төлем кезеңі қолданылады – егер қарыз толығымен қайтарылса, пайыздар есептелмейді.
Маңызды: егер сіз тек ең төмен төлем жасасаңыз, онда грейс-кезең аяқталады және банк қарыздың қалған бөлігіне пайыздар есептейді.
Грейс- кезеңді қалай дұрыс пайдалану қажет?
Кредиттік картамен тек жеңілдік кезеңінің соңына дейін өтей алатын сатып алуларды төлеңіз.
Есеп айырысу және төлем кезеңі күндерін бақылап отырыңыз.
Ең төмен төлем жасамай, борыштың барлық сомасын енгізіңіз.
Кредиттік картаны қолма-қол ақшасыз сатып алуларға қолданыңыз, мүмкіндігінше қолма-қол ақшамен есеп айырыспаңыз.
Өтеу күнін өткізіп алмау үшін автоматты төлем жасауды қосып қойыңыз.
Грейс-кезеңнің артықшылықтары
Пайыздарды үнемдеу. Егер қарыз уақтылы төленсе, қарыз қаражатын артық төлемсіз пайдалануға болады.
Бюджетті жоспарлаудағы ыңғайлылық. Грейс-кезең шығыстарды бөлуге және оларды жалақы алатын күнге байланыстырмауға мүмкіндік береді.
Қосымша бонустар. Көптеген банктер кэшбэк арқылы ақша қайтаруды, серіктестерден алатын жеңілдіктерді және кредиттік картамен төлеген кезде бонустық ұпайларды ұсынады.
Қосымша қаражатқа қол жеткізу. Грейс-кезеңі бар кредиттік карта күтпеген шығыстар орын алған жағдайда қауіпсіздік жастығы болуы мүмкін.
Қауіп-қатерлер: неге назар аудару қажет
1. Пайыздар грейс-кезең аяқталғаннан кейін барлық сомаға есептеледі. Егер борыш толығымен өтелмесе, банк тек қалдыққа ғана емес, бүкіл сатып алу сомасына да пайыз есептейді.
2. Грейс-кезең қолма-қол ақшаны алуға қолданылмайды. Банкоматтан ақша алған кезде көп жағдайда комиссия алынады және ол жеңілдік кезеңіне жатпайды, сондықтан егер сіз картадан қолма-қол ақша алсаңыз, жеңілдік кезеңі аяқталуы мүмкін.
3. Банктердің әр түрлі талаптары. Шартты мұқият оқып шығыңыз – кейбір банктерде грейс-кезең тек сатып алу кезінде, ал кейбіреуінде тіпті аударымдар кезінде де қолданылады.
Тағы қандай ерекшеліктер бар?
Грейс-кезең кредиттік карта арқылы жасалатын барлық сатып алу жағдайларында қолданылмауы мүмкін. Сондықтан банк менеджерінен барлық қажетті ақпаратты алдын ала алу және картаны ресімдеу алдында шарттың талаптарын мұқият зерделеу өте маңызды. Мысалы, егер сіз осы карта арқылы ақша аударсаңыз немесе кредиттерді немесе айыппұл төлесеңіз, жеңілдік кезеңі аяқталуы мүмкін. Бұл, егер картаның шарттарына сәйкес, пайдаланылған берешек толық өтелген жағдайда, грейс-кезең тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді белгілі бір сомаға дейін (мысалы, 20 мың теңгеге дейін немесе 100 мың теңгеге дейін) сатып алу бойынша қолма-қол ақшасыз операцияларға ғана қатысты орын алуы мүмкін.
Сонымен бірге грейс-кезеңінің нақты ұзақтығы банк көрсеткеннен қысқа болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Бір банктің карталарында жеңілдік кезеңі бірінші сатып алудан басталуы мүмкін, ал кейбір банктерде ол айдың басынан басталады. Осылайша, сіз картаны, мысалы, 1 ақпанда алдыңыз, ал алғашқы сатып алуды 30 ақпанда жасадыңыз, нәтижесінде грейс-кезең іс жүзінде 30 күнге қысқарады.
Сондықтан мобильді қосымша арқылы немесе банктің сайтында мерзімдерді мұқият қадағалап отыру, сондай-ақ SMS, push-хабарламалар арқылы банктен келген хабарламаларға назар аудару немесе менеджерлерден ақпаратты өз бетінше нақтылау маңызды. Сонымен қатар, егер клиент әдетте айына бір рет төленетін ең төменгі төлемді өтеу мерзімінде қарызын төлемейтін болса, банк кредиттік картаға қызмет көрсету үшін пайыздарды есептей бастауы мүмкін.
Ай сайынғы төлем бойынша қарызды өтемеген кезде, банк әдетте қарызды төлегенге дейін клиенттің кредиттік картасын бұғаттайды. Қазақстандық банктердегі берешекті уақтылы өтемегені үшін өсімпұл күніне орта есеппен 0,5%-ды құрайды.
Картаның мерзімі аяқталғаннан кейін шот жабылмайтынын, клиенттің кредиттік міндеттемесі тоқтатылмайтынын білу маңызды.

Кредиттік карталардың қандай артықшылықтары болса да, олар бойынша төлем жасауға міндетті екеніңізді есте сақтаңыз. Яғни сіз әрқашан ең алған міндеттемелеріңіз үшін жауапкершілікті түсінуіңіз керек. Сондықтан кредиттік картаны рәсімдемей тұрып, барлық тәуекелдерді бағалаңыз.