Көліктің түсі де оның тағдырына әсер етеді екен.
Көлік таңдауда бірінші кезекте маркасы мен көлеміне, жылдамдық күшіне, ескі-жаңалығына мән береміз. Біртіндеп кезек түсіне де келіп жетеді. Біреулер үшін көліктің түсі сән мен сырт көріністің тартымдылығы үшін ғана маңызды. Ал енді біреулер тіпті де мән беруді қажет деп таппайды. Шындығында, темір тұлпардың түсі оның жол-көлік оқиғасына жиі тап болу-болмауына да ықпал етеді екен.
Алдымен, көлік түстері жайлы бірнеше факт.
Қазіргі уақытта ең кең таралған түстер – қара, сұр және ақ болып келеді. Әлем бойынша шығарылып жатқан барлық автокөліктің 70 пайызын осы үш түс құрайды. 7-10 пайыз – қызыл, көк және қоңыр-сары түстерге тиесілі. Қалған аз ғана 6 пайыз – басқа барлық түстердің үлесі.
Бүгінгі таңдағы ең кең қолданыста – сұр түс болып тұр. Одан кейінгі орында – ақ көліктер.
Қауіпті түстер
Қара мен сұр
Осы түсиегі автокқліктер жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайды екен. Бұл олардың түстері қараңғы мезгілде түнекпен және жол үсті төсемімен түстес болғандықтан дейді сарапшылар.
Көк пен қызыл
Әдетте, жарқын көк пен қызыл түстерді қызуқанды, эмоцияға берілгіш адамдар таңдайды екен. Мұндай мінезді жандардың рөлде келе жатып түрлі эмоцияға берілетіні, жылдамдықты арттырып, басқа да жол ережелерін жиі бұзып тұратыны түсінікті. Осы себептен қызыл және көк түсті көліктер де жол апатына тап болғандар арасынан жиі кездеседі.
Қауіпсіз саналатын түстер
Осы уақытқа дейінгі жол-көлік оқиғаларын сараптай келе, ақшыл түсті автокөліктердің апатты жағдайға азырақ түсетіні байқалды.
Ақ
Бұл түстегі көліктер ең қауіпсіздер қатарынан саналады. Алайда, қыс мезгілінде ақ көліктердің соқтығысу жағдайы аздап жиілейді екен. Бұл жолдардың қар жамылуымен тікелей байланысты болса керек.
Сары, қоңыр-сары, ақшыл-сары, шабдалы түстес, күлгін
Мұндай түстегі көліктер қандай ауа райы болмасын, көзге бірден түседі. Сондықтан да оларға қатысты жол-көлік оқиғасы көп орын ала бермейді.
Лимон түстес сары мен алқызыл
Өте ашық, өте жарқын болып келетін мұндай түстегі темір тұлпарлар тәуліктің қай бөлігінде де, ауа райы қандай болса да бірден көзге шалынады. Осы себептен болса керек, жол апатына түсен көліктер қатарында мұндай түстегілер өте аз болады екен.
Осы жағын ескеретін болсақ, көлік таңдау кезінде ақ, сары, сарғыш, ақшыл-сары сияқты түстерге тоқталғандар өкінбейтін сыңайлы. Әрине, түс – көліктің апатқа ұшырамауына кепілдік емес. Ең алдымен, жүргізушінің ережеге жетіктігі мен жол үстіндегі сақтығы бірінші орында екенін ұмытпағайсыз.
Дайындаған: Б.МЕЙІРХАНҰЛЫ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: