«Уақыт жоқ, кейін жөндетем» деп ысыру - артық шығынға тап қылады
Сурет: a.d-cd.net
Карпет, яғни жүргізушінің аяғының астындағы резеңке кілемшеге көз тастай жүріңіз. Кейде онда қайдан келгені белгісіз су, ылғал болуы мүмкін. Кілемшенің сулы күйде болуы қандай ақаудың белгісі?
Резеңке тығыздағыштың тығыз болмауы
«Кілемшедегі су қайдан келді?» дегенде ойға ең бірінші есіктегі резеңке тығыздағыштар оралуға тиіс. Есік тығыздағыштары уақыт өте келе кеуіп, жарылып, жыртылып, деформацияға ұшырайды. Соның салдарынан олар ылғал өткізе бастайды.
Бұл ретте ең көп тозатын тығыздағыш жүргізуші есігіндегісі. Себебі басқа есіктерге қарағанда ең көп ашылып-жабылатын есік – сол.
Тексеру жолы. Мұны тексеру оңай. Алдымен резеңке кілемдегі суды сүртіп, кептіріп, қайта төсеңіз. Енді мәселенің қайталануын бақылаңыз. Егер кілемше қайта су болып кетсе, тығыздағышты ауыстыру керек.
Ең сенімді әрі ұзақ мерзімді, бірақ қымбат жолы – жаңа, түпнұсқа есік тығыздағышын сатып алу. Қалтаға қатты салмақ салғыңыз келмесе, арзандау балама жолдары да бар. Базардан бөлшектелген көліктен алынған бүтін тығыздағыш іздеңіз. Әмбебап тығыздағыш жапсыруға да болады, әдетте олардың бағасы төмендеу.
Немесе халық арасында айтылып жүрген лайфхактарды сынап көруіңізге болады. Мәселен, ескі тығыздағышты шешіп алып, ыстық суға қайнатып жұмсарту. Содан кейін оның ішіне жіңішке резеңке түтікшені салып жіберу. «Бұл әдіс жақсы нәтиже береді» дейді тексеріп көрген көлік иелері. Сонымен қатар көлік ішіндегі дыбыс оқшаулау (шумоизоляция) да жақсарады.
Алдыңғы әйнектің ақауы
Көліктің ішіндегі ылғалдың жиі кездесетін тағы бір себебі – алдыңғы әйнектегі ақау. Қазіргі уақытта көлікті түпнұсқа әйнегімен сақтау өте қиын. Әртүрлі себептермен жиі сызат түсіп, алдыңғы әйнек жиі ауыстырылады. Сонымен қатар, зауыттан жағылған герметик те уақыт өте келе әлсіреп, ара-жігі ажырауы мүмкін.
Қалай тексеруге болады? Жүргізуші жақтың аяқ тұсындағы бүйірде пластик панель бар, соны шешіңіз. Егер панельде немесе астында ылғал іздерін көрсеңіз, көп ұзатпай электрикке бару қажет. Себебі, көптеген көліктерде негізгі сымдар шоғы осы тұстан өтеді. Сымдарға су тисе, электр жүйесі тез істен шығады.
Электрик көлікті қарап, қажетті жөндеу, сақтық шараларын жасаған соң, көлікті әйнек желімдеу шеберханасына апару керек. Алдыңғы әйнекті айналдыра скотчпен жабыстырып алуды ұмытпаңыз.
Мұндағы мәселенің тамыры – дұрыс орнатылмаған әйнек. Көбіне шебердің ескі желімді толық тазаламауынан болады. Мұндай жұмыста 2 маңызды ереже бар: біріншісі – мұқият тазарту, екіншісі – тазарту кезінде көліктің бояуын бүлдірмеу. Алдыңғы әйнектің жақтауы өте нәзік. Егер сызат түссе, ол тот басуына, ақыр соңында тесілуіне әкеледі. Ал мұндай зақымды жөндеу үшін үш қабатты әйнекті (триплекс) қайтадан желімдеуге тура келеді.
Кузовтың коррозиясы
Уақыт өте келе кез келген көлік тот басады. Кейде тіпті шіріп, тесіліп кетіп жатады. Мұның себебі уақыт қана емес. Кей жүргізушілер кәріз тесіктерін жыл сайын тазаламайды. Антикоррозиялық өңдеу жүргізуге ақша қимайды. Ал мұның салдары – көліктің табанында немесе есік жақтауларында, бағана тұсында шірік, тесік пайда болуы.
Мұның емі - тек коррозияға ұшыраған бөлшекті ауыстыру. Қазір кез келген, тіпті сирек модельге де кузов элементтерін табу қиын емес. Кейбір шеберханалар металды арнайы формада иіп береді. Тәжірибелі маман бүлінген бөлікті бастапқы қалпына келтірмесе де, сапалы етіп бүтіндеп беруі мүмкін.
Жылытқыш радиаторындағы жарық
Кілемшеге келген су жылытқыш радиаторынан аққан болуы да мүмкін. Егер негізгі себеп сол болса, көлік иесін күрделі, қымбат әрі ұзақ жөндеу жұмысы күтіп тұр.
Жылытқыш радиаторынан су ағатын көлікті айдау қауіпті. Себебі мұндағы су деп отырғанымыз – радиатордағы улы антифриз. Оның буын тыныс алу арқылы жұту денсаулыққа үлкен зиян. Екінші жағынан, салқындатқыш сұйықтық (антифриз) ағып кетсе, ол міндетті түрде қозғалтқыштың қызып кетуіне алып келеді.
Қалай тексеруге болады? Бұл тексерісті кез келген адам жасай алады. Таза, ақ майлықты алып, кілемнің суланған жерін сүртіңіз. Егер майлық қызыл, жасыл, көк немесе сары түске боялса, мәселе белгілі. Бұл – жылытқыш радиаторынан аққан антифриз.
Жылытқыш радиаторының ақауы тек жаңа радиаторға ауыстыру арқылы ғана жөнделеді. «Саңылауды бітейтін «сиқырлы» сұйықтық сатамыз», «радиаторды шешпей-ақ жөндейміз» деген ұсыныстарға сенудің қажеті шамалы.
Жаңасы аса қымбат емес, бірақ оны ауыстыру өте қымбат және күрделі жұмыс. Радиатор торпедоның астында орналасқан. Оны алу үшін алдыңғы панельді толық шешу, рөлді колонкадан ажырату, басқа да көптеген бөлшектерді бұзу қажет. Содан кейін жаңа радиаторды орнату, кілемді тазалап, кептіру, антифризді толықтай жаңарту іске асырылады. Қосымша ретінде жылытқыштың өзін жуу, прибор панелінің астындағы жиналған шаңды тазарта кету артық болмайды.
Жүргізуші мен жолаушының аяқ астындағы су көліктегі қандай да бір нақты ақаудың белгісі. Мәселені неғұрлым ертерек шешсеңіз, соғұрлым арзанға түседі. Есіңізде болсын, «уақыт жоқ, кейін жөндетем» деп ысыру:
- Жөндеу құнын өсіреді;
- Жөндеу жұмысы мерзімін ұзартады;
- Қосымша мәселелер мен шығындарды көбейтеді.
Дайындаған: Б. Мейірханұлы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Автогазға қатысты ел білмейтін ҚҰПИЯ КӨП
Күз мезгілі газбен жүретін көліктерге ҚАНДАЙ ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ?