Жүргізушілер арасында «қыста автокөлікті жууға бола ма?» деген сұрақ жиі талқыланады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым. Егер, сырттағы температура суық болса, күн жылығанын күткен абзал. Енді неге олай екенін тарқатып айтайық.
Химияны аздап түсінетін адам электрохимиялық және химиялық реакциялардың жылдамдығы көбінесе температураға байланысты екенін біледі. Бірақ, оның металлдың тотығуына ешқандай қатысы жоқ. Өйткені, физикалық заңдылықтарға сәйкес, -7 градустан төмен температурада тотығу процесі тоқтайды. Сондықтан, аязда көлік жуудың соңы металл коррозиясына ұшыратпайды. Мұндағы бар мәселе – кузовқа байланысты.
Өзіңіз ойлап көріңіз, ауа температурасы -15 градуста көлікті жууға бересіз. Демек, ауа мен шанақтың температурасы бірдей болса, көлікті жуатын судың жылуы олардан жоғары болады. Соның әсерінен көлік шанағының бояу қабатындағы коррозияға қарсы лак зақымданады. Ол бірден әсер етпесе де, бірте-бірте жоғалып, тотығуға қарсы әрекет ете алмай қалады.
Енді «көлікті қыста жууға бола ма?» деген сұрақтың жауабы анықталған секілді. Әлбетте, көліктің таза, тартымды болғаны дұрыс. Бірақ, артық қылам деп, тыртық қылмаудың амалын жасаған жөн.
Алайда, күн суық екен деп, мүлдем жумай қоюға да болмайды. Нақтырақ айтсақ, ауа температурасы -5 градусқа дейін көтерілген кезде, шанақты жууға болады. Сондай-ақ, жылымық болса, аптасына немесе екі аптада бір рет жуып тұру зиян тигізбейді.
Тағы бір ескерте кететін жайт, көлікті жуғаннан кейін есіктің тығыздағыштарын суықта қатпайтындай етіп арнайы сұйықтықпен майлап қойыңыз. Ал, есік құлыптарының тесігін үрлеп, қуыстағы су қалдықтарын кептіріп тастаған дұрыс. Бұл әрекеттер есікті аша алмай, әбігерге түспеудің кепілі бола алады.
Дайындаған: А.Мейірхан,
Тағы оқыңыз:
Көлікті ТҮНДЕ ҚАЛАЙ жүргізу керек?