Сурет: sun1-25.userapi.com
Жол апаттарының жиілігі тек орын алған жағдайлдарға ғана емес, кейде автокөлік маркасы мен моделіне де байланысты болады. Әлемдік зерттеулер мен статистикалық деректерге сүйене отырып, кейбір автокөліктердің жол апаттарына жиі ұшырайтыны анықталған.
АҚШ-тағы Insurify сақтандыру компаниясы өз деректерін талдай отырып, сараптама материалын жариялады. Онда жыл сайын қай штаттарда, қай жас топтарында және қандай автокөлік маркаларында жол апаттары жиі болатыны көрсетілген. Сондай-ақ автокөлік иелерінің апатқа ұшырау қаупіне әсер ететін негізгі факторларды атады.
Сонымен қатар, Insurify сақтандыру компаниясының деректері бойынша АҚШ-тағы ең жиі апатқа ұшырайтын автокөлік модельдерінің рейтингі көрсетілген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жасалған рейтингтің алдыңғы шебінде бірнеше электромобиль модельдері орналасқан. Нақтырақ көрсетер болсақ:
- Kia Soul EV (1-орын)
- Kia EV6 (15-орын).
- Chevrolet Bolt EUV (3-орын)
- Chevrolet Bolt EV (8-орын)
- Chevrolet Volt (11-орын)
- Volkswagen ID.4 (5-орын)
Insurify компаниясының алдыңғы жылдардағы жылғы зерттеуіне сәйкес, мына автокөліктер ең көп апатқа ұшыраған деп көрсетілген болатын:
- Audi S4 – жүргізушілерінің 11,7%-ы кем дегенде бір рет жол апатына ұшыраған.
- Toyota GR86 – 10,8% апат деңгейі.
- Scion iA – 11,5% апат деңгейімен екінші орында.
- Hyundai Genesis Coupe – 11,3% апат деңгейі.
- Subaru WRX –10,7% апат деңгейі.
Бұл деректер спорттық және жоғары өнімді автокөліктердің жүргізушілері жиі агрессивті жүргізу стилін ұстанатынын көрсетеді .
Жас ерекшелігі мен жыныс та жол-көлік оқиғасына түсуге әсер ететін қауіп факторларының қатарына жатады деп мәлімдеген сақтандыру компаниясы. Сараптама жасаушы мамандар 16 мен 19 жас аралығындағы жүргізушілер апатқа ұшырау қаупі ең жоғары топқа жататынын анықтаған. Ал жынысына келсек, барлық жас топтарында ер адамдар апатқа ұшырау, апат салдарынан қаза табу ықтималдығы бойынша әйелдерге қарағанда алда тұр.
Ең көп өліммен аяқталған апаттар жеңіл жүк көліктерінің үлесіне тиесілі (42,7%). Сондай-ақ дәл осы көліктер жарақатпен аяқталған апаттардың (42,3%) және мүлікке зиян келтіретін соқтығыстардың (43,6%) негізгі себепшісі болған.
Ең қауіпті көліктер деп компания мамандары Mitsubishi Mirage G4 және Mitsubishi Mirage hatchback модельдерін атапты. Олар жүргізушісінің өлімі деңгейі бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған.
Бұл – АҚШ-тағы жағдайларға қарап жасалған статистика. Ал қазақстандық «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы өз клиенттерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларын зерттеп, жол апаттарына жиі қатысатын көлік брендтерін және жиі апатқа ұшырайтын жүргізушілердің бейінін анықтады. Апат саны бойынша көш бастап тұрған көліктердің қатарында Hyundai мен Toyota маркалары бар. «Номад Иншуранс» аналитиктерінің есебіне сәйкес, бұл көлік брендтері жол апаттары статистикасында күн сайын кездесіп отырады. Сонымен қатар, Қытайда өндірілген көліктер де жиі жол апатына түсетіні атап өтілген.
Ең жиі апатқа ұшырайтындар – жүргізуші куәлігін жаңадан алған жастар. Жолда тәжірибенің жетіспеуі өзіне деген сенімсіздікке әкеліп, нәтижесінде апаттарға себеп болады.
Бұл көрсеткіштер кейбір модельдердің құрылымдық ерекшеліктері апаттардың ауырлығына әсер етуі мүмкін екенін, сонымен қатар жүргізушілерінің мінез-құлқымен байланысты болуы мүмкіндігін білдіреді.
Дегенмен, статистика, көрсеткіш – жай ғана қағаз бетіне түскен сандар мен есеп қана екенін ескеру керек. Жол апаттарының шынайы себебі – «қате таңдалған» көлік маркасы емес. Иә, кейде зауыттан ақауы бар көліктер шығады, тіпті бір ғана үлгі емес, тұтас серия болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлар соншалықты жиі емес.
Кей жағдайларда жүргізушілердің мінез-құлқы белгілі бір брендке бейімделуі мүмкін. Мәселен, BMW немесе Mazda жүргізушілері апатқа орта есеппен 14% жиі ұшырайды, ал Volkswagen, Fiat немесе Peugeot иелері салыстырмалы түрде байсалды бола тұрып, сирек апатқа түседі.
BMW маркасын жақсы көретіндер, көп жағдайда, компанияның «жүргізуден ләззат алу» деген ұранын толықтай ақтайды және жиі ең агрессивті жүргізушілер ретінде сипатталады.
Модельге немесе брендке қарамастан, көп жылдық тәжірибесі бар, жасы егде тартқан жүргізуші апатқа сирек түседі. Ал 19 жастағы жасөспірім, достарының алдында «керемет» болғысы келіп, жол ережелерін елемесе – апаттың болары анық.
Апаттардың тағы бір себебі – көліктің техникалық жағдайының нашарлығы. Жарықтың жоқтығы, тежегіштердің нашарлығы, рульдік басқару ақауы, тозған шиналар – апаттың ең көп таралған техникалық себептері.
Қазіргі кезде автокөліктер, тіпті ең арзан модельдердің өзі, сенсорлармен, алдын ала ескерту жүйелерімен және басқа да қауіпсіздік технологияларымен жабдықталған. Бұл апаттың алдын алуға септігін тигізеді. Алайда, жол апаттарының көпшілігіне әлі де жүргізушілердің өз-өзіне тым сенімді болуы, жол ережелерін елемеуі, тәжірибенің аздығы және есірткі немесе алкоголь қолдануы себепті болады.
Жүргізушілерге өз қауіпсіздігі үшін жылдамдықты бақылап, жол ережелерін сақтауды, сондай-ақ қауіпсіз жүргізу стилін ұстануды ұсынамыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: