Өте дәмді әрі дастарханның сәнін ашады
Чак-чак татар мен башқұрт ұлтының ең сүйікті тағамы. Дайындалуы да қиын емес. Алайда бүгін біз үйреншікті әдіспен дайындалатын чак-чак мәзірін ұсынбаймыз. Ерекше әдіспен дайындалатын әрі пішіні де өзгеше чак-чак дайындайтын боламыз.
Қажетті өнімдер:
- 3 дана жұмыртқа
- Қамыр қопсытқыш
- 100 мл су
- 500 гр. ұн
- 100 гр. сары май немесе маргарин
- 2 ас қасық какао
- Сироп үшін:
- 150 гр. шекер
- 75 мл су.
Дайындалу тәсілі:
- Табаққа жұмыртқаны, ұн мен сары майды, қамыр қопсытқышты салып, су құямыз да жұмсақ қамыр илейміз. Бетін жауып тындырып қоямыз.
- Июі қанған қамырды үш бөлікке бөліп, оның біреуіне какао ұнтағын қосып, тағы бір илеп жібереміз.
- Сосын дайын қамырларды жұқалап жаю қажет. Үстелдің үстіне алдымен какао қосылмаған қамырды жаямыз да, оның бетіне қоңыр түсті қамырды, сосын үшінші қамырды бетіне жайып, барлығын біркелкі етеміз. Жан-жақтарын да бір-біріне жеткізіп, қамырды төртбұрышты етіп кесіп шығамыз.
- Әрбір қамырдың көлемі 1,5х1,5 см шығатындай болуы керек. Содан соң төртбұрышты қамырдың әрбір ұшын бір-біріне жабыстырып, ерекше етіп түйеміз.
- Осы түйілген қамырларды тоңазытқышқа салып қоямыз. Әйтпесе қамыр тым жұмсарып кетуі мүмкін.
- Осы уақыт аралығында өсімдік майын қыздырып, қызып тұрған майға қамырларды салып қуырамыз.
- Құмшекер мен су құйылған табақты отқа қойып, 5-7 минуттай қанатамыз да, сиропты дайындаймыз. Енді осы сиропқа қуырылған чак-чактарымызды салып аламыз. Бетіне ерітілген шоколадты құйып, әсемдеуге болады. Ерекше дәмді әрі жұмсақ чак-чак осылай дайындалады. Астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
КӨКТЕМГІ РЕЦЕПТ: «Кемпірқосақ» торты