Тойымды әрі дайындалуы ОҢАЙ ПИРОГ-ПІСІРМЕ

0
7 547

Бұл тағам тойымдылығымен ерекшеленеді. Салма салынған мұндай дәмді тағам дастарханның сәнін келтіреді.


Тойымды әрі дайындалуы ОҢАЙ ПИРОГ-ПІСІРМЕ

Пирог-пісірмелердің дәмі тіл үйіреді. Жасау әдісін біліп алсаңыз, әр кезде отбасы мүшелерінің көңілінен шығатын кешкі асқа дайындап тұрсаңыз болады. Ол үшін Сізге ас мәзірінде берілген заттарды түгелдеп алуға тура келеді. Бүгінгі мәзір де қолжетімді азық-түліктен жасалады.


Тауық еті мен картоп қосылған дәмді пирог

Қажетті өнімдер:

  • 350 гр. ұн
  • 2 ас қасық қаймақ
  • 1 дана жұмыртқа
  • 50 гр. сары май
  • 100 мл су
  • 1 шай қасық ашытқы
  • ½ шай қасық қант
  • ½ шай қасық ас содасы
  • Салмасына:
  • 2 дана қайнатылған тауық сирақтары
  • 3-4 дана картоп
  • 1 бума аскөк
  • Қайнатылатын кремге:
  • 200 мл сүт
  • 2 дана жұмыртқаның сары уызы
  • 2 ас қасық крахмал
  • 1/3 шай қасық тұз
  • 1/3 шай қасық тұз
  • Пирогтың бетіне жағу үшін:
  • 1 дана жұмыртқаның сары уызы
  • 1 ас қасық сүт
  • Азырақ сары май.


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен пирогтың қамырын дайындап алайық. Ол үшін ашытқыны дайындау қажет. Жылы суға ашытқы мен 1-2 ас қасық ұн салып жақсылап араластырамыз. Сосын 10 минутқа қалдырамыз.
  2. Сары майды ерітіп аламыз. Содан соң табаққа жұмыртқаны, дайындалған ашытқыны, қаймақты, ерітілген сары майды салып, жақсылап араластырамыз.
  3. Ұн мен тұзды араластырып, аз-аздан жаңағы сұйық араласпаға сала отырып қамыр илейміз. Қамыр қолға жабыспайтындай болуы керек. Сөйтіп пленкамен орап, жылы жерге қоямыз. 1 сағатта қамыр көтеріле бастайды. Осы кезде қайнатылатын кремді дайындай беруге болады.
  4. Сүтті қайнатып, жұмыртқаны тұзбен, қара бұрышпен араластырамыз. Крахмал қосып, араластырамыз. Артынша аз-аздан ыстық сүтті құйып, барлығын тез-тез араластыру керек. Сонда жұмыртқа пісіп қалмауы керек. Осы араласпаны енді микротолқынды пешке салып, ең жоғарғы қуаттылығына қоямыз. Әрбір 10 секунд сайын кремді араластырып тұруды ұмытпау керек. 1 минут ішінде крем қоюланып, дайын бола бастайды. Сосын оны пештен алып, суытып қоямыз.
  5. Тауық еті секілді картопты да қайнатып алу керек. Бірақ та толықтай пісірудің қажеті жоқ.
  6. Қамырды екі бөлікке бөліп, біріншісін үлкенірек қылып жаямыз. Екіншісін бетіне жабатын қылып сәл кішірек қалыпта жаю керек. Дайын қамырды алып арнайы формаға салып, сары май жағамыз. Жан-жағын түзулеп, арасына салмамызды саламыз. Салманы дайындау үшін картопты дөңгелектеп, етті текшелеп турайды. Сөйтіп бірінші қабатқа картопты, сосын майдалап туралған аскөкті, келесі қабатқа тауық етін саламыз. Бетіне аскөктің қалғанын себелеуге болады. Содан соң қайнатылған кремді ең бетіне жағып шығамыз. Ал, оның бетіне екінші қамырды қойып, жан-жағын жабыстырып, 15-20 минуттай пешке салмай қоя тұрамыз.
  7. Пешті 180 градусқа дейін қыздырып аламыз. Пирогты пешке саларда беткі жағын шанышқымен әр жерінен тесіп, жұмыртқа мен сүт араласпасын жағуды ұмытпаймыз. Қыздырылған пеште пирогты 35 минуттай пісіреміз. Пісіп шыққан пирогтың бетіне бір кесек сары май жағып, дастарханға ұсына береміз. Өте дәмді әрі хош иісті пирогты жеген де, жемеген де арманда!


Лавашқа салынған пирог



Қажетті өнімдер:

  • 1 дана жұмыртқа
  • 1,5 стақан кефир
  • Аскөк
  • 1 дана пияз
  • 1 дана сәбіз
  • 400 гр. ет
  • Лаваш
  • 200 гр. қатты ірімшік


Дайындалу тәсілі:

  1. Етті ірілеп турап, тұз, бұрыш қосып араластырамыз. Сосын табаға май құйып, пияз бен сәбізді қуырамыз. Артынша етті салып бірге қуыру керек. Дайын фарш болса оны да дәл осылай қуырасыз. 10 минут тоқтаусыз қозғап, дәмдеуіштерді салып етті қуырып аламыз.
  2. Сосын етті еттартқыштан өткізіп, майдалап туралған аскөкпен, үккіштен өткізілген ірімшікпен араластырасыз.
  3. Формаға лавашты жайып салып, оған фарштың жартысын саламыз.
  4. Кефирді жұмыртқамен араластырып, оған екінші лавашты бірнеше бөлікке бөліп батырып аламыз да, формадағы лаваштың бетіне саламыз. Оның бетіне қалған фаршты жайып салып, бүтін лавашпен жабамыз. Жалпы лавашты пісірменің беткі жағына да, астыңғы жағына да екі қабаттап алуға болады.
  5. Пирогтың бетіне қалған кефирді жағып, бірнеше кесек сары майды қойып шығамыз. Осылайша дайындалған пирогты 15-20 минут пеште пісіреміз. Пісірмеміз 220 градусқа қыздырылған пеште 20 минутта дайын болады.


Картоп қамырынан дайындалған пирог



Қажетті өнімдер:

  • 150 гр. картоп
  • 150 гр. ұн
  • 80 гр. сары май
  • 3 дана болгар бұрышы
  • 500 гр. фарш
  • 2 дана қызанақ
  • 70 га. Ірімшік
  • 1 дана пияз
  • 1 шай қасық тәтті паприка


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен картопты қайнатып, пісіріп аламыз. Суын төгіп, езбе жасаймыз.
  2. Осы езбеге сары май, ұн, тұз қосып, қамыр илейміз. Мұндай қамыр өте нәзік әрі жылы болады. Егер қажет болса тағы да ұн қосуға болады. Сонда қамырды жайғанда қолға жабыспайды.
  3. Салмасына қажетті көкөністерді жуып, тураймыз. Пияз бен болгар бұрышын сарғайғанша қуырып аламыз. Сосын табаққа салып алу керек. Осы майға енді фаршты салып, жартылай дайын болғанша қуырамыз. Қуырылған фаршқа көкөністерді салып, тұз, бұрыш, паприка қосып араластырамыз.
  4. Қамырды жайып, май жағылған формаға саламыз. Қамырдың бетіне салманы саламыз. Бетіне дөңгелектеп туралған қызанақты, үккіштен өткізілген ірімшікті себелейміз. 180 градусқа қыздырылған пеште пирогты 40 минут пісіреміз.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Қуырылған картоп: Жаңа рецепт


Ең ТОЙЫМДЫ таңғы ас: жұмыртқа мен лаваштан ДӘМДІ рецепт


Ораманың ҮЙДЕ ПІСІРЕТІН 4 түрлі РЕЦЕПТІ