"ЕТЕГІНЕ САЛУ" ырымын жасап, жүкті болдым"

0
24

"Кең етекті көйлек киіп кел. «Етегіне салу» ырымын жасайық» деді.


фото: ВКонтакте

Ана болу ерекше сезім, ең үлкен бақыт. Осы бақытты сезіне алмай, жан-дүниесі қиналып жүрген қаншама әйел, қаншама жас отбасылар бар. Соларға құлаққағыс болсын, қазақтың ежелден келе жатқан ырымын, қолданып көруге шақырамын» деп көрші келіншек өз әңгімесін баяндап берді.

Өйткені, көріп жүргеніме біраз болса да жүктілігін еш көрмеген екенмін. Көршінің үйіне келін түскенде өте қиын кезеңдер өтіп жатқан еді әлемде. Яғни, карантин кезі еді. Сондықтан, аса дабыра етпей, тек жақын-жуықтарымен тойлап өткізген еді. Сол кезде мен бара алмағанмын. Енді содан бері бұл келіншек неге бала көтермей жүр деп ойланбаппын. Бәлкім, өзгенің жеке өміріне қол сұғушылық деп қабылдайтын шығармын, өзгелердің өміріне қызығушылық танытып, білуге ұмтылмаған екенмін.

Солай көрген кезде сәлем беріп өтетін келіншектің аяғы ауыр екенін байқап қалдым. Сол кезде барып балалы бола алмай жүрген екен ғой деген ой сап ете қалды. Ол үшін әрине, қуанышты екенімді айтып, аман-есен аяқ-қолын бауырына алуына тілектестігімді айтып жатырмын.

фото: ria.ru

Сол кезде ол маған ашылып, сырын ақтарды.

«Бұл ырымды бұрыннан естіп жүргенмін, бірақ өзім қаласам да бір бұйырмап еді, айтуға ұялып, айтқан достарыма да бара алмай қалғанмын.

Бірақ ешқашан үмітімді үзбегенмін. Аллаға шүкір, отбасын құрғаныма алты жыл болады бұйырса. Осы жылдар аралығында құрсақ көтере алмай, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмаған еді. Ұнжырғам түсіп, өз өзімді кінәлі санап жүргенім болмаса, бұл туралы күйеуім де, ата-енем де бетіме басып, мені айыптаған емес. Керісінше, олардың қолдауын, жігерлендіруін көп сезіндім. Соның арқасында сынып кетпей, осы күнге дейін отбасы іргесін берік ұстап келемін.

Дегенмен, тұрмыс құрған әйелдің жуық арада балалы бола алмай, уақыттың созылуын сезіну өте ауыр тиеді екен. Мұны баласы бар адамдар түсінбеуі мүмкін. Алайда баланы аңсаған жандардың дертін өзінен басқа ешкім түсіне алмас.

Дәрігерлер де үмітімізді үзіп тастаған жоқ. Барлығы Алланың қалауымен, тек қана тиісті ем-домдарымызды қабылдап, күту қажеттігін айтатын.

Осыдан тура бес-алты айдай бұрын ғой деймін, Алланың қалауымен аяқ астынан сүйінші жаңалықты естіп, дереу сонда ұшып бардым. Туған ағамның әйелі босанып, бесінші рет ана атанған болатын. Перзентхана біздің үйге аса алыс емес. Анам хабарласып, «Бүгін өзім сөйлесіп қоямын перзентхана қызметкерлерімен. Сені өзім ішке кіргіземін. Тек қана кең етекті көйлек киіп кел. «Етегіне салу» ырымын жасайық» деген соң, не кигенімді де білмеймін, әйтеуір етегі бар көйлек дегенге қолыма түскенін киіп жүгіріп бардым.

Көптің тілегі қабыл деген, бәлкім ырымдарға сенгендігім бе екен, шынымен қатты қаладым. Ана болғым келді. Жаңа туған шақалақты етегіме орап алғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Өзім ана болсам қандай болар екенмін. Нәрестенің сондай тәттілігі, тұла бойыңды балқытып, еріп бара жатқандай күйде едім. Еріксіз көзіме жас тығылып, құшағымнан босатқым келмеді. Содан бері міне, бес айдай өтті, Аллаға шүкір, тілегім қабыл болды. Бұйырса тағы аз уақыт күтсем, баламды қолыма аламын деп қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап тұрған көрші келіншек үшін мен де «әумин» деп бетімді сипадым.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Шалынып, құлай беретін ересек адамның да ТҰСАУЫН КЕСУ ырымы бар

«БЕСТЕМШЕ» ұлттық ойыны ұмытылып бара ма?