​ҚАРАЛЫ ҮЙден дәм аларда ОЙЛАНЫҢЫЗ!

0
1 448

Жаназа шыққан үйде ҚАРА ҚАЗАН да төңкерулі болған.


​ҚАРАЛЫ ҮЙден дәм аларда ОЙЛАНЫҢЫЗ!

фото: mungfali.com

Баяғы қазақтың қаралы үйінде қазаны төңкерулі болатын. Дәстүріміз солай еді. Ата-бабамыз салт-дәстүрді сақтап қана қоймай, оған ерекше мән берген және әрбір салттың берер мағынасы, астары бар.

Жақынынан айырылып, аза бойы қаза болып, қайғыдан қан жұтып отырған қаралы отбасын артық шығынға немесе қонақ күтіп сабылуға мәжбүр етуге болмайды. Бұл ата-бабамыздың орындаған дәстүрі болатын, ал қазір сол дәстүріміз өзгерген секілді.

Қазіргі кезде еті дайын, асулы тұрады. Мұның барлығы да мүмкін өмірден өткен жанның ағайын-туыстарының ауызбіршілігі мен жанашырлығын ұйымшылдығын көрсететін сәт дейтін шығар. Бірақ бұл дәстүрге қайшы екенін діннен хабары бар адамдар білсе керек. Зер салып қарайтын болсақ, бірде-бір аятта, қандай да бір хадисте немесе басқа да дереккөздерде жаназа шығарылған үйде мал шалып, тамақ дайындау туралы айтылмаған.
Тек алыстағы жұртқа арнап қонақасын беретін. Қазір бәрі отырып жей береді, реті келсе алып та кетеді. Қаза болған адамды қазақ шариғат бойынша жөн - жоралғысын жасап, о дүниеге шығарып салғанымен, кейінгі уақытта орындалуы тиіс деп ұғатын салтанатты дастарқанға ерекше назар аударып кеткендей. Ал аза тұтып отырған үйге көңіл айтып келгендер дәм татып қана қоймай, сөмке көтеріп қайтады. Бұл қаншалықты дұрыс? Қаралы үйден тағам алуға бола ма?

Қазақ салт - дәстүрлерін дәріптеуші Мәшһүр - Жүсіп Көпеев осы жағдайға қатысты бір жазбасында: «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда, сол шаңырақтан түйір дәм алу жақсы нәрсе емес. Себебі, қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіңе апарып жегізу – сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей» деген екен. Мұны да қаперге іліп жатқан адам аз.

Кейбір жерлерде бүгінгі дәстүрлердің бірі – жерлеу рәсімінің алдында құрбандыққа шалынған малдың етінен үйге көңіл айтуға келген қонақтарға сый-сияпат беру әдет болып қалған. Алайда, қазалы үйге жұбатуға, қайғыны бөлісуге келгендерге тамақ беру дұрыс амал емес. Себебі, жақын адамы қайтыс болған ағайын-туыстары қайғы-қасірет шегіп, көз жасын төгіп жылап жатқанда, сол шаңырақта дастархан жайылып, ас ішу қайтқан кісінің туыстарына құрметсіздік емес пе? Мәселен, ешқандай діни негізі болмаса да, жаназаға қатысқандарға және сол шараны атқаруға көмектескендерге ақша таратылады немесе жыртыс ретінде әртүрлі бұйымдар беріліп жатады. Бұл әдет жаназа шығарылған үйдің егесінің бай немесе кедей екендігіне қарамастан, діни бір міндет сияқты осы дәстүрге айналып кеткен. Бұл дәстүр бұрындары болған жоқ емес, болды. Алайда, ол кезде егер қайтыс болған кісі жасы егде тартқан, өзі абыройлы танымал кісі болса сол кісінің көзіндей көріп жүру үшін тәбәрік ретінде оның киген киімдерін таратып беруші еді. Ал қазір болса, бір қажеттілікке жарай ма, жарамай ма ешкім мән бермейді. «Тарату керек» деген қағидамен базардан жаңа киім-кешек, мата-орамал сатып алып, соны үлестіріп жатады. Кей жағдайларда, оны алған адамдар да ештеңеге пайдаланбастан тастай салады. Бекерге ысырап болған дүние. Соған қарамастан, қазалы үйдің иесі мен туыстары кедей болса да, жаназаға қатысқандардың алдында ұятқа қалмайын деп немесе намыстанып қарыз алса да бұл әдет-ғұрыпты орындауға мәжбүр болады.

фото: gas-kvas.com

Ал бұрынғы кезде жақынын жоғалтып, қайғы-мұңға салынып отырған шаңырақта қайғыларына байланысты өзгеге тамақ беру былай тұрсын өздеріне қарауға шамасы келмей жатқанда, оларға көршілері мен туыстары тарапынан тамақ беру секілді ел ішінде керемет дәстүр болған еді. Алыстан ат арылтып келгендер, демалып тынығып алуға қажет болғанда сол үйлерге барып демалып, ас-су ішіп алады. Осы дәстүрді қайта жаңғырту, насихатату керек-ақ. Бірақ қаралы үйде мал шалып ас беру немесе ақша тарату секілді ғұрыптарға Құран мен Пайғамбардың сүннетінде орын жоқ. Бұл айтылғандардан «қайтыс болған адамның артынан ешнәрсе жасауға болмайды» деген тұжырым шығаруға болмайды. Керісінше, қайтқан адамның ағайын-туыстары жерлеп болғаннан бірнеше күн өткеннен кейін өз-өздеріне келген соң мүмкіндігіне қарай қайтыс болған жақынының әруағына деп садақа берсе болады, кедейлер мен мұқтаждарға тамақ беріп, көмек көрсетсе болады. Бұған дінімізде ешқандай кедергі жоқ.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


Бата беру - қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі


Қыз төркінге келгенде ҚЫЗЫР қоса кіреді