Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде.
фото: massaget.kz
Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі.
Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойда, жақсылықтарда айтылады. Бата қазақтың ауыз әдебиетінің бір түрі. Ел арасында батаны аузы дуалы ақсақалдар беретін болған. Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге, бата алуға аса мән берген. Шынайы жүректен шыққан бата ғана қабыл болады.
Бата беру дәстүрі қайдан шықты?
Ал батаның шығуына қатысты зерттеушілер бір пікірге тоқталмаған.
Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Бата беру дәстүрінің шығу тарихына қатызды мынадай аңыз әңгімелер де бар:
фото: vk.com«Ыбырайым пайғамбар өте қонақжай адам болыпты. Үйіне келген адамға ас бермей шығармайды екен. Асығыс жолаушының өзіне нан ауыз тигізбей жібермепті.
Бір күні уахи ала келген Жебірейіл періштенің өзін дастарханға сүйрейді. Жебірейіл:
– Асыңа рақмет, әй, Алланың халилі. Мен Алланың уахиын жеткізу үшін ғана келдім, – дейді асығып. Ыбырайым:
– Уахиды артынан айта жатарсың. Әуелі адал дастарқаннан дәм тат! Маған серік бол! – дейді. Періште амалсыз көнеді. Дастарханға ас келсе де, періште табаққа қол созбай отыра береді. Пайғамбар:
– Неге дәм алмайсың? – дейді. Жебірейіл:
– Мен – періштемін. Бұл дүниенің тамағын ішпеймін. Себебі, бұл дүниенің өз тәртібі бар. Бес күн жалғанда ішкен-жегеннің, көрген қызықтың есеп-қисабы бар. Ертең мақшар алаңында бұл пәнидегі ішкен-жегеннің сұрауы болады. Мен соны ойлап, уайымдап отырмын, – дейді.
Ыбырайым езу тартып:
– Сен онда дастарханға бата беріп, менің отбасыма дұға ет. Астың өтеуі сол болсын, – дейді. Жебірейіл келіседі. Дастарқан басында екеуі сырға толы рухани сұхбат құрады. Періште Ыбырайымның ықылас-пейіліне риза болып, астан соң, дастарқанға бата жасап, дұға етеді. Жебірейіл кетіп бара жатқанда Ыбырайым оны тоқтатып:
– Маған қандай уахи алып келіп едің? Айтпадың ғой, – дейді. Жебірейіл:
– Біздің сұхбатымыз Алланың уахиы еді, – депті».
Осыдан бастап астан соң, дастарханға бата жасап, дұға тілеу деген дәстүр пайда болыпты.
Қазақ арасында осы дәстүрдің берік орныққаны соншама, тіпті ел арасында мынадай аңыздар көп тараған. Кейбір әулие қарттар айналасында отырған адамдардың түгел ас ішіп болуын күтетін болған. Тіпті керек десеңіз киіз үйдің есігінің алдында жем шұқып отырған торғайлардың да жем жеп болуын тосқан екен. Рухани сұхбатты уахиға теңегендіктен де әулие адамдар дастарқан басында дүние сөзінсөйлеп, мағынасыз сұхбат құрудан сақтанған.
Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде.
Батаның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Халық бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: