​КИІМді адам үстінде киіп тұрғанда ТІКПЕЙДІ

0
1 293

Мұндай ырым ежелден-ақ бар.


​КИІМді адам үстінде киіп тұрғанда ТІКПЕЙДІ

фото: abbigli.com

Мұндай ырым ежелден-ақ бар. Бірақ, қазір бұл ырымға көпшілік мән бермейді, тіпті білмейтіндер де бар.

Алайда, қайсыбірі ырым-тыйымды алып қарасаңыз да, астарында үлкен мән жатыр. Оны түсіне білген адам ғана ырым-тыйымдарға құлақ асады.

Солардың бірі – киімді адам үстіне киіп тұрғанда тігуге болмайды. Себебі, киімді тек қайтыс болған адамның үстінде тігеді дейді. Бұл қаншалықты ақылға қонымды, бірақ солай ырым еткен ата-бабаларымыздың жолын жалғағанымыз дұрыс-ау.

Қазіргі кезде көптеген адамдар киген киімінің үстіне қонымдытұрмағанын байқаса немесе тігісі сөгіліп кеткен жері болса соны үстінен қайтадан шешпей-ақ тігіп алып кете береді. Асығыстық шығар, алайда, бұрынғыдай жаугершілік заман емес қазір. Сондықтан, бұндай жаман ырымды шақырмай, үстіңізден шешіп алып тігіңіз киіміңізді.

фото: Pinterest

Мүмкін бұл қазақтың ежелден келе жатқан ырым-тыйымдары қазіргі заманға тура келмейді дейтін шығарсыз. Алайда, оның да жолын табуға болады екен.

Менің атам осындай ырым бар деп айтатын. Бірақ ол кісі «егер адам өте асығыс болған жағдайда ғана бір шартпен адамның үстіне киіп тұрған киімін тігуге рұқсат етілген болатын. Ол кезде киімін үстінде киіп тұрған адам аузына бір затты, мысалы қалам немесе жіңішке ағаш секілді затты тістеп тұруы керек. Түк ештеңе табылмай қалған жағдайда жіпті ұзындау етіп қиып,соныауызға салып тұру керек. Себебі, тірі адамның киімін үстінде тұрып тікпеген, тек қана қайтыс болған адамның кебінін үстінде тігеді. Ал тірі адамның ауызға бірдеңені тістеп тұруы «тірі адамның тіршілігі ағаштай қатты, жіптей ұзын болсын» деген ырымнан туындаған.

Бір оқиғаны айтайын. Қайынәпкемнің үйіне қонаққа барғанбыз. Сонда жездем бір жаққа жиналып жатыр екен, асығыстау.

Амандық-саулық сұрасып, әпкем дастархан жайып жүргенде жездем жейдесінің түймесі үзіліп қалғанын, соны тез арада тігіп бере қоюын өтінді әпкемнен. Әпкем сонда ине-жібін дайындап, сол жерде түймені тігуге кірісті. Сонда атамның айтқан сөздері есіме түсіп, «Әпке, киімді адамның үстінде киіп тұрғанда тігуге болмайды ғой, ерекше асығыс болған жағдайда аузына жіп немесе ағаш секілді қатты бірдеңе тістеп тұруы керек» деп, жездеме ұзындау жіптің бір бөлігін ұсындым. «Мынаны тістеп тұрыңыз» деп. Олар аң-таң. Тіпті жездем менің бұл қылығыма күлкісі келді ме, қарқылдап бір күліп алған болатын. Бірақ, айтқанымды орындады.

Кейін жағдайды түсіндіріп, бұл ырымның мағынасы жөнінде айтып беріп едім «осы уақытқа дейін бұл туралы білмеген екенмін. Солай ма?» деп таңданысын білдірді. Бұдан кейін есте жүретін болды деп жатты.

Сіздерге де құлаққағыс болсын, білмегеннің әбестігі жоқ, бірақ білсеңіз ешқандай ырым-тыйымдарға немқұрайлы қарамағандарыңыз дұрыс.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қыздан тараған ЖЕТІ ҰРПАҚты білесіз бе?


Ұл бала мен қыз баланың ТҰСАУЫН КЕСУде айырмашылық бар