​Қыздан тараған ЖЕТІ ҰРПАҚты білесіз бе?

0
367

"Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер"


​Қыздан тараған ЖЕТІ ҰРПАҚты білесіз бе?

фото: vk.com

Салт-дәстүрді берік ұстанатын халқымыз жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін бүгінге дейін аманатты арқалап, сақтап келе жатыр.

Қанның тазалығы мен тектілікке тікелей әсер ететін осынау дәстүрді ұстанған ата-бабамыздың даналығына қалайша тәнті болмайсың?

Қазақта «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білмеген-жетесіз» деген даналық сөз бар. Сондықтан, балаға жастайынан жеті атасын жаттатқызып, түп тарихы туралы өнегелі әңгімелер айтып отырады. Тектілік қаннан беріледі, қыз алысып, қыз беріскенде де осы тектілікке баса назар аударған. Әр адам өзінің жеті атасын жатқа айтып, шыққан тегін білуі парыз. Ал қыздан туған ұрпақтардың қалай аталатынын біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Ол маңызды емес деуіңіз де мүмкін. Алайда, қыздан туған ұрпақтың да қалай аталатынын біле жүрсек, нұр үстіне нұр болмас па еді.


Қыздан туған алғашқы баланы қазақта ЖИЕН дейді. Ал жиенге қатысты «жиенқұйрық» деп аталатын салт-дәстүр де бар. Қазақ халқы қыздан туған жиенді құрметтеп, ерекше сыйлаған. Жиен нағашыларынан нені қаласа да, 3 рет алуға қақы бар. Ал нағашылары қандай қымбат зат болса да беруге тиіс. Бұл салт - жиенқұрық деп аталған.

Қазақ халқы жиенді ешқашан ренжітпеген. «Ашықсаң, нағашыңа бар» деген де сөз бар. сондықтан, нағашы мен жиеннің байланысы кейінгі ұрпақтарымен жалғасып жатса құба-құп. Бұл бауырмалдылықтың, көпшілдіктің көрінісі.

Ендеше қыздан тараған жеті ұрпақтың атауын біле жүріңіз:

Жиен - қыздан туған бала. Халық: «Адамның жақсы қасиеттері нағашыдан жұғады», «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан, үйдің жақсы болуы ағашынан» - дейді. Халықтың салт-дәстүрі бойынша жиенді ренжітуге, қол жұмсауға болмайды. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген мақал содан шыққан. «Нағашымен күрескен жиен жығылады» деген сөз жиеннің қанша ерке, батыл болғанымен, нағашысы алдында ізетті болуын ескертеді.

Жиеншар - жиеннен туған бала. Ол да әкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады.

фото: culture.ru

Қыздан туған жеті ұрпақты:

1.Жиен

2.Жиеншар

3.Дегеншар

4.Көгеншар

5.Көбеңшар

6.Тебеншар

7.Өлеңшар

деп атайды.

Халық арасында тараған тағы бір нұсқаны да бөлісе кетуді жөн көрдік.

Жиен, жиеннің баласы - жиеншар,
Оның баласы көгеншар,
Оның баласы дегеншар,
Оның баласы жүрежат,
Оның баласы туажат деп аталады.

Бұл атауларды Әбіқай бидің баласы Ахметқан шешен айтып кеткен. Кейбіреулер жүрежат пен туажатты шөпшектен кейін тіркейді. Бұл әлі анықтай түсуді қажет етеді.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ұл бала мен қыз баланың ТҰСАУЫН КЕСУде айырмашылық бар

Қуанышқа сойылған малдың ТӨРТ СИРАҒЫН бірге аспайды