​КИІМге қатысты ырым-тыйымдарды білесіз бе?

0
3 154

Ырым болғанымен, астарында мән-мағына көп.


​КИІМге қатысты ырым-тыйымдарды білесіз бе?

Киім киюдің де өз әдебі бар. Әр адамның жас ерекшеліктеріне байланысты киім киюдің үлгілері баршаңызға таныс. Ұзақ жасаған адам қайтыс болғанда оның киімін тәбәрік етіп, ырымдап алатын дәстүр де бар. Мен де сол кісінің жасына жете берейін, сол кісідей құрметті, сыйлы болайын деп көзі тірісінде-ақ аттай қалап алатын наным-сенім де бар. Мұның барлығы да жақсылықтың жұғысты болуын ырым етуден туындаған.


Ал киімді қалай кию керек, нені ескеру керек, қазақта киімге қатысты қандай ырым-тыйымдар бар? Бұл жайлы әрдайым есте сақтап, кейінгілерге насихаттай жүріңіз.

Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.

Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау - жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.

Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.

Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.
Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.

Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.

Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.

Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.

Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.

Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.

Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.

Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.

Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ - жаулықтың, қара - қайғының белгісі болып саналады.

фото: topuch.com

Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

Ал осы ырым-тыйымның, наным-сенімдердің қайсысын сіз күнделікті өміріңізде қолданып жүрсіз? Шыны керек, ырымға қырын қарамасаңыз да, күнделікті өміріңізді бұл қағидаларды қатаң сақтап жүрмін деп айта алмайсыз ғой, солай ма?

Айналамыздағы адамдарға қарап, қоғамның көрінісін айқын көруге болады. Қыз баласы ақ, қара орамал тартпайды деген тыйым қазір еленбейді. Діннің бұйрығы деп орамал тағатындар оның түсіне мән бермейді. Мүмкін мән бергені сол шығар, тұрмысқа шықпаған, өрімдей жас қыздар ақ немесе қара түсті орамалдарды жиі тағады.

Сондай-ақ, қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды деген де қарама-қайшылық туындатып отыр емес пе?

Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды деген тыйымдардың да аяқ асты болып жатпағандығына ешкім де кепілдік бере алмайтын шығар.

Ал осы наным-сенімдерге бей-жай қарамау қиын іс емес меніңше.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


КӨЗ АҚЫСЫн беру деген не?


Балаға ҚАЛДЫҚ ШАЙды ішкізсе, тілі тез шығады