​КӨКПАРда тартылған серкенің ЕТін КІМдер жейді?

0
4 974

Осы ырымды, ежелгі наным-сенімді қолданған абысыным да мені арнайы үйіне шақырып, «осындай еттен» дәм татырды.


​КӨКПАРда тартылған серкенің ЕТін КІМдер жейді?

фото: csmonitor.com

Қазақтың ұлттық, спорттық ойындарының бірі-КӨКПАР. Бұл ұлттық ойынды білмейтін қазақ жоқ, әсіресе Ұлыстың ұлы күні НАУРЫЗ мерекесінде бұл ойын міндетті түрде ойналады.


Көкпар десе делебесі қозып, буырқанып тұратын қасиет қазақ жігіттерінің қанында тұнып тұр. Қазақ деген ұлтпен егіз ұғымдар көп қой, қазақ десе еске түсетін дәстүр-салттарымыз, әдет-ғұрыптарымыздан осы көкпар ойынын ерекше атап өтуге болады. Ұлыс күні додаға түсіп, көкпар тартып, қыз қуу, арқан тартыс секілді секілді ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, алтыбақан ойналатын мерейлі мерекеде ылғи да осы ырым менің ойыма оралады», - деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.


«Жыл сайын Наурыз мерекесі жақындағаннан бастап, жер ана бусанып, табиғат өзгеше жылылыққа бөлене бастағанда ауылымызда көкпарға дайындық басталады. Ауылдың беделді, бетке тұтар азаматтарының немесе осы ауылдан өсіп-өніп, белгілі бір жетістікке жетіп отырған, ауылына үнемі қол ұшын беріп, көмек қолын созатын азаматтардың демеушілігімен ұлан-асыр көкпар өтеді. Жылдағы дәстүрімізді жаңғыртып, ауыл-аймақ бір жасап қалатын кез осы. «Пәленшенің көкпары өтті, енді түгендікі. Көкпарға тартылған серкені сол үйдің алдына әкеліп тастапты» деген әңгімені де көп өтпей-ақ еститінбіз. Көкпардың шарты қалай екенін түсіне қоймайтынбыз кішкентайымызда, оның үстіне, қыз балалсы болғандықтан көкпар ойыны ерлерге қатысты.

Алайда осы көкпарға тартылған еттің пайдасы барын, осының өміріме елеулі өзгерістер алып келетінін мен кейін білдім. Осындай ырымның бар екенін біліп, халқымызда көкпар секілді ұлттық ойының бар екеніне қуандым.


Себебі, менің өміріме жаңалық алып келген жағдай осы көкпар ойынынан бастау алып еді.


Тұрмысқа шыққаннан кейін мен бірнеше жыл қатарынан бала сүйе алмадым. Әрбір қыз баласының арманы тұрмысқа шыққаннан кейін ана атанып, сәби сүю ғой. Менің де арманым сол болатын. Бірақ барлығы да Алланың қалауымен болатынына шүбәм жоқ, дегенмен әрекетсіз отырмадым. Мендегі дерттің себебін білу үшін дәрігерге де, қазақы ем-домдарға да жүгіндім.

«Балалы бола алмай жүргендігімнің нақты себебі осы» деп те айта алатын бірде-бір адам таппадым. Көңіл-күйім түсіп, шарасыз күйде жүргенімде абысыным үйіне тамаққа шақырды. Ауылда көкпар ойнатылып, серкені сол үйге әкелген екен. Көкпар ойыны аяқталған соң, келесі көкпарды мен ойнатайын деп өздері өтініш жасапты. Ұлы өсіп, ержеткен, көкпар тартуға жарайтын ұлы бар ата-ана серке тарту етілген соң, «менің ұлымның да тақымы мықты, ер жүректі, батыл, төзімді, нағыз ер азамат болсын!» деген ниетте елге дастархан жайып ас береді. Сол серкенің етінен жасалған тағамнан ауыл-аймаққа, көкпарға қатысқан жігіттерге ауыз тигізеді.

фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Бұл ұлттық ойынның жігітті қайтпас қайсарлық пен шымырлыққа, батырлыққа баулитынын білетін ата-бабамыз рухы мықты ерлерді тәрбиелеп шығарған. Сонымен қатар, ырымшыл халықтың бұл ойынды тек ұлдарға қатысты болғандықтан, «ұл тапсын!» деген ниетпен кілең қызды келіншектерге ырымдап осы көкпарға тартылған серкенің етінен қуырдақ жасап берген. «Балалы бол, ұлды бол!» деген тілекпен жүкті бола алмай жүрген немесе ұл бала сүйгісі келетін әйелдерге жегізген.


Осы ырымды, ежелгі наным-сенімді қолданған абысыным да мені арнайы үйіне шақырып, «осындай еттен» дәм татсаң, көп ұзамай балалы боласың деп сендірді. Мен де қазақтың ырым-тыйымдары мен наным-сенімдеріне сенетін адаммын. Егер сенбесем мен ешқандай ем-домға жүгінбес едім.


Солай жақсылықтан үмітті болып, «құрсағыма сәби бітіп, жүкті болайын!» деп ішімнен тілек тіледім де «бісміллә» деп астан ауыз тидім. Таңдайыма бал татып, сүйсініп жедім.

Сізге өтірік, маған шын, арада тұп-тура артық-кемі жоқ бір ай уақыт өткенде мен өзімнің жүкті екенімді білдім. Соншама жылдан бері күтіп жүрген арманым бір-ақ сәтте алдыма келіп, шындыққа айналғанда еріксіз көзімнен жас тама берді. Бұл қуаныштан аққан көз жасы ғой, мүмкін жай ғана сәйкестік болар деп те айта алмаймын, өйткені мен бұған қатты сендім.

Адамның ішкі түйсігі ешқашан алдамайды және қатты сену өзіңді сендіру бұл міндетті түрде орындалады. Қазіргі күнде шүкір, үш баланың анасымын. Тұңғышыма қазір де айтып отырамын, «Көкпардағы серкенің етінен соң, мен алғаш рет ана атандым» деп. Ырым етіп, көкпар етінен ауыз тисеңіздер, тек қана балалы болу үшін емес, басқа да арман-тілектеріңізді айтсаңыздар болады».


Осылай деп ағынан жарылған кейіпкеріміз қазақтың наным-сенімі де, ырымы да қырын кетпейтінін, үмітті үзбеу керектігін баса айтты.

Жазып алған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ТҮЙЕ МҰРЫНДЫҚ» кәдесі - тойдың ЖАРШЫСЫ


ТЕБЕРІК тек мұқтаж жанға беріле ме?