Қыз ​ЖАСАУына неге ҚАЗАН қоспайды?

0
1 192

«Жасау» сөзінің толық мағынасы «жаса» деген сөзден шыққан. «Үлкен мақсатты жүзеге асыр», «ұзақ ғұмыр кеш» дегенге саяды.


Қыз ​ЖАСАУына неге ҚАЗАН қоспайды?

фото: darminaopel.ru

Қазақ халқы ежелден-ақ қыз баланы «қонақ» деп атап, төрден орын беріп, «жат жұрттық» деп туған ұясынан қанат қағатын қызын өзге жұртта абыройлы келін, инабатты жар болуға кішкентайынан баулыған. Ал қыз бала қайын жұртқа барғанда жүзі жарқын болсын деген оймен қыз жасауын барынша сән-салтанатпен жасаған. Көшпелі кезеңде қыз жасауы мал-мүлікпен бағаланса, қазіргі заманда тұрмыстық техникамен, бөлме жабдықтарымен беріліп жатады.

Әр қазақ отбасының басты арманы – ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Оларды ел қатарлы оқытып, тәрбиелеп, жар таңдап, немере сүю. Ал сол немерелерінің анасын текті жерден алу, текті жермен құда болу қазақ үшін үлкен мәртебе.

Қазақ халқы қыз балаға кішкентайынан жақсы тәрбие беріп, үй шаруасына баулып өсірген. Міне, осындай тәрбиенің маңайына халықтың ерекше салт-дәстүрлері топтасқан. Солардың бірі, осы қыз жасауын дайындау. «Жасау» сөзінің толық мағынасы «жаса» деген сөзден шыққан. «Үлкен мақсатты жүзеге асыр», «ұзақ ғұмыр кеш» дегенге саяды.

Әрбір қазақтың баласы үшін дүние жиған отбасы қызына арнап неғұрлым сапалы заттарды таңдаған. Өйткені жасаудың аз болуы тіптен болмауы бақытсыздық деген ұғым бар.

фото: tengrinews.kz

Қыз жасауына қосылатын әрбір заттың өзіндік орны мен мән-мағынасы бар.

Егер тарихқа тереңінен бойласақ қыз жасауына қазан қосып беруге болмайды екен. Қазан - отбасының берекесі саналатын қасиетті ошақ. Егер оны қыз бала төркінінен келін атанған жұртына қосып алып кетсе, олардың ырыс-несібесін қоса әкетіп бара жатқан болып саналған. Яғни, қазан көтеріп кету – қыз үшін абырой емес, үлкен сын.

«Отбасының несібесі қазанда» деген сөз де осыған келеді. Ал қайын жұрт төркінінен қазан алып келген қызға жақтырмай қараған. Өйткені, ол «қыз келмей жатып, қазанымды билейді» деген жаман ырымды білдірген.

Жасауға қоспайтын екінші зат – пышақ. Себебі, пышақтың жүзі өткір болғандықтан, келіннің тілі өткір болмасын, жаңа құдалар арасына кикілжің орын алмасын деген ниет. Ал егер қыз жасауымен пышақ ілесе келсе, екі тарап «сатып алу» рәсімін орындаған. Ол кезде құдағи: «Не әкелу керектігін білмесеңіздер сұраңыздар, айтудан жалықпаймыз» деп сөз бастаған.

Дегенмен, қазақ қызына қазан-пышақтан басқа, ас үйге керекті барлық ыдыс-аяғын түгендеп берген. Соған қарамастан, шама-шарқына қарай, сапалы заттар мен шынайы көңілмен жасалған жасау ғана болашақ отаудың беріктігіне негіз болатыны белгілі. Мұндайда дана халқымыз «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп, дөп басып айтқан.

Дайындаған: Гүльвира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ұзату тойында «Келер жылы ШІЛДЕХАНАДА КЕЗДЕСЕЙІК» деп тілек айту - әдепке жат


БЕТАШАРДАН түскен ақша КЕЛІНГЕ БЕРІЛУІ керек пе?