​Ұзату тойында «Келер жылы ШІЛДЕХАНАДА КЕЗДЕСЕЙІК» деп тілек айту - әдепке жат

0
781

"Қыздың тойы ұлдың тойынан асып кетті" деп мақтанатын дәрежеге жеттік.


​Ұзату тойында «Келер жылы ШІЛДЕХАНАДА КЕЗДЕСЕЙІК» деп тілек айту - әдепке жат

фото: www.artofit.org

Өзге ел қазақты қонақжай, тойшыл халық деп таниды. Онысы рас. Күйеуге төс, құдаға бас, құдағиға жамбас тартып, құйрық-бауырын асатып, шашуын шашып, қоржынын ашып, тойлай жүріп, дәстүрін дәріптеп, салтын ардақтаған ел. Озған заманның тозған дәстүрлері сол қазақтың өзін бүгінде жүрісінен жаңылдырып жүргендей.

"Қыздың тойы ұлдың тойынан асып кетті" деп мақтанатын дәрежеге жеттік. Әр тойдың мәні мен салмағын өзіміз ұқпасақ, жеңіл жерден ақша жасап жүрген той ұйымдастыру орталықтарына несіне өкпелейсіз?

Қыз ұзату – тұрмысқа шығатын қыз балаға арнап жасалатын маңызды дәстүр. Ғасырлар бойы мазмұнын жоғалтпаған бұл салт-дәстүрдің астарында қыз балаға деген құрмет, тектілік пен тазалық жатыр.

«Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» әр ата-ананың парызы. Қыз өсіріп отырған әке-шешенің негізгі міндеті қызын жақсы әулетке шығарып салу. Бүгінде қазақ ұзату тойын үйлену тойынан кем түспейтіндей етіп жасап жатыр. Әрине, бұның еш сөкеттігі жоқ шығар. Алайда, бойжеткен қызының белінен әкесі құшақтап, билеуге кіріскенде аздап қысылып қалатын жандар бар шығар. Енді ұзатылатын қызын әкесі ортаға алып шығатын дәстүрге де көз үйренді. Бұрындары жеңгелері жасайтын ырымға апталдай азаматтың араласуы «азамат», «әке» деген атты аласартып жібергендей. Өйткені, батыстың өркениеті осы деп шатасып, әкесі қызының қолын болашақ күйеу баласына ұстатып соншама дүйім жұрттың алдында осы «дәстүрді» орындауы сіздіңше қалай? Өте өрескел емес пе?


фото: larastock.com

«Қол ұстатар» деген әдемі қазақтың өз салты болған әрине, бірақ мұны қыздың әкесі емес, бойжеткен қыздың жеңгелері орындайтын, кәдесін алып, жігіттен сый-сияпатын алып, орындайтын дәстүр еді.

Қимастық пен қуаныш қатар жүретін думанда жөн-жоралғы мен ырым көп. Танысудан бастап, «қапқа салар»,«күйеу сыйлық», «той малы», «сүт ақы», «жігіт түйе» деп жалғаса береді. «Киім ілу», «құйрық-бауыр асату», «босаға ілу» сынды таусылмайтын жоралғалар өз халқымызда да көп қой. Осылардың әрқайсысының мән-мағынасы терең. Мәні жоғалмаған кейбіріне қарап, байырғы қазақтың даналығына еріксіз сүйінесің. Модернизацияға ұшыраған қазіргісіне қарап, бүгінгі қазақтың дарақылығына күйінесің.

Ең құрығанда әлі басқаның босағасын аттамаған қызды ұзатып жатқан тойда ағалардың қарындасқа «Шілдеханада кездесейік» деп тілек айтпайтынын түсінсек екен. Қыз ұзатар ағайын, мұны мықтап жадыларыңызға түйіп аларсыздар. Босаға аттамаған қызға әке әулетінде «берік болсын, жерік болсын» деп тілек айту әдепке жатпайды.

Гүльвира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БЕТАШАРДАН түскен ақша КЕЛІНГЕ БЕРІЛУІ керек пе?


НЕКЕ тұрмысқа шығатын ҚЫЗДЫҢ ҮЙІНДЕ қиылуы керек пе?