"Міне, балам, осыны енемнің өсиеті деп қабылда. Әулеттің үлкен келіні ретінде осы игі істі өз қолыңа ал", - деді енем...
иллюстрациялық фото: myplanet.com.ua
Қазақта «Үйдің кішісі болғанша иттің күшігі бол» деген сөз бар. Кейде мұны өзім де айтамын. Әсіресе тұрмыстағы әпкелерім төркіндеп келген кезде. Әрқайсысы әрнәрсеге жұмсағанда «неге келді екен?» деген ой сумаң ете қалады.
Олар келген кезде «Бесіктегі баланы көріп кел», «Түбекті тазала», «Жөргекті ауыстыр» секілді жұмыстарым көбейеді. Осындай кезде әкемнің арқасына барып, тығыламын. Мұны көрген әпкем: «Жаным-ау, бұған налыма. Үйрен. Істегенің өзіңе жақсы. Үйдің тұңғышы болғанша, кенжесі болған қандай рахат қой», - дейді.
иллюстрациялық фото: spletnik.ru
Үйдің үлкені болған неге жаман? Қайта бәріне сөзің өтеді, ата-анаң үлкенімен ақылдасады, санасады. Бар жақсы киімді үлкені киеді. Былайша айтқанда бар рахат үлкендікі емес пе? Бірақ әпкемнің тағдырына қарап кейде кенжетай болып туылғаныма қуанамын. Әпкемнің айтуына қарағанда үйдің тұңғышы болу – үлкен жауапкершілік екен.
«Иә, тұңғыш перзент болған жақсы, бірақ тұңғыш келін болу өте қиын екен. Әсіресе, ата-енең қаймығып, сенен медет күткен кезде жанымды қоярға жер таппаймын. Өзің де білесің, жездең 6 ағайынды. Ата-енеміз жас өмірін жұмысқа арнап, балаларын аяққа тұрғызды. Ешқайсысымызды сандалтып қоймады. Бәрімізге мүмкіндігінше баспана салып берді. Жүкті жұмылып көтердік. Жалақымызды ортаға тастап, бір-бірімізге үй болуға көмектестік. Кенже қайным үйленетін кезде 5 ағасы жиған-тергенін салып, заманауи үлгіде үй салдық. Қыш тасып, цемент қарыған кездер де болды. Бірақ мұның қадіріне жетіп жатқан не келін жоқ, не ұл жоқ», - деп күрсінді.
Әпкемнің жабырқаулы жүзінен бір реніші барын дереу аңғардым. Сұрақ қоюға оқтала бергенімде әңгімесін әрмен қарай жалғады.
«Бүгінде күнделікті әдетімізше балаларды балабақшадан алдын ата-әжесімен амандасып қайту үшін ата-енемнің үйіне барғанбыз. Мұны қаламасам да үлкендердің көңілі үшін амалсыздан жасаймын. Өйткені біздің таңертең келгенімізді қарашаңырақтағы келін жақтырмайды. Өзіме айтпаса да сыртымнан айтқан назын талай естідім. Бетіме айтқан жоқ қой деп мән бермейтінмін.
Бірақ бүгінгі жағдай шыдамыма нүкте қойды. «Апалап» кірген балаларымның алдынан жүгіріп шыққан келін балаларымның аузын жауып әлекке түсті.
«Шуламаңдар, Асыл ағаларың мен Бөпеш ұйықтап жатыр. Оятып жібересіңдер. Таң атпай жау шапқандай шауып келгендерің несі, ей» деп бізбен көріспей ас үйге беттеді.
иллюстрациялық фото: anatili.kazgazeta.kz
Үнсіз соңынан ердім. Таңертеңмен көңіл-күйімді бұзғым келмесе де орайы келгенде айтуым керек деп шештім.
«Ұлжан, таң атпай сені сағынып шауып келіп жүрген жоқпыз. Немерелерін иіскету үшін ата-әжесіне келетінімізді білесің. Бұл анда-санда ғана қайталанатын жағдай емес. Отбасылық қағида екенін де білесің. Ата-енемізден туған 6 ұлға осыны қатаң түрде қайын атамыздың тапсырғанын да жақсы білесің. Осы шаңыраққа келін болып түскен кезде-ақ саған енем отбасылық қағидаларының бәрін түсіндіріп айтқан болатын. Оған мына 5 абысының да куәміз. Бәріміз де осы қағиданы бұлжытпай орындағанбыз. Біле білсең, мына 6 ұл таңғы асты қара шаңырақтан ішетін. Саған дейінгі 5 келін таңғы асты дайындаған. Сен келген соң бұл дәстүр өзгерді. Сенің дастарханыңнан дәм ауыз тиетін болсақ, жүрегің қарс айырылып кететін шығар. Мұны қабағыңды шытып, аузыңды жыбырлатып қайынағаларыңа байқатып қойғансың. Біз ешқашан сенің қабағыңа қарап, ата-анамыздың көңіліне қаяу түсіре алмаймыз. Бұл дәстүр жүрегің жарылып кетсе де жалғасады. Мұны бұзуға сенің қақың жоқ», - деп айтып салдым.
Екеуміздің керісіп тұрғанымызды енем естіген болуы керек. Мені жанына шақырып алды:
«Салтанат, әулетіміздің үлкені ретінде саған бір міндетті жүктеймін. Өзіңнен кейінгі келіндерді үйіңе шақырып, ас әзірле. Дастархан басында бір-біріңе деген өкпе-ренішті айтыңдар. Ақыл-кеңестеріңді беріңдер. Отбасылық қағиданы түсіндіріңдер. Абысын тату болса, ағайынның, оның балаларының ауызбіршіліктері нығаятынын ұқтырыңдар. Балалағын бірге өткізген балаларың өскенде бір-біріне мейірімді болады. Қажет жерде қамқор болады. Бұрынырақта абысындарымызбен бірге «Абысын асын» дайындайтынбыз. Сол басқосу біздің бірлігімізді баянды ететін, ынтымағымызды арттыратын. Үлкен-кішіге сыйлы етіп, берекемізді еселейтін. Мұны ата-енеміз ерсі көрмеген. Қайта «істерің оң болсын» деп ақ батасын беретін. Тіпті, сендер айына бір рет кезектесіп тамақ асып, бір-біріңді қонаққа шақырыңдар. Мұның отбасыларыңа пайдасы тимесе, зияны болмайды. Міне, балам, осыны енемнің өсиеті деп қабылда. Әулеттің үлкен келіні ретінде осы игі істі өз қолыңа ал», - деді енем.
Ал сен болсаң болмашы дүниеге бола бізге ренжисің. Барып кел, шауып келдің айналасында жүріп міндетсінсең, ертең ақымақ келіндердің қатарынан табыласың, деді әпкем.
Шынында да, әпкемнің міндетіне артылған жүк ауыр. Мұны үдесінен шығып атқара алса бір әулеттің абыройын сақтап, берекесін келтіргені емес пе?