​«ӨЛІ-ТІРІ» кәдесі жасалмаса НЕ БОЛАДЫ?

0
17 645

Өлі-тірі кәдесінен ұзатылатын қыз дәм татпайды.


​«ӨЛІ-ТІРІ» кәдесі жасалмаса НЕ БОЛАДЫ?

фото: ru.sputnik.kz

Екі жас үйленгенде жасалынатын қазақи дәстүрлердің ішіндегі ең маңыздысының бірі «өлі-тірі» дәстүрі.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақтың мақалына сүйенсек, алдымен әруақтарды риза ету, соларға құран бағыштап, тірі адам тіршілігін жалғастыру үшін жасалынатын ғұрып.

Ежелде халқымызды салты бойынша қызға құда түскен жақ құдалыққа келгенде «Өлі-тіріге» арнаған малын қоса ала келеді. Ол қой болғаны дұрыс.

Әрі семіз, әрі жас мал болса, еті жұмсақ және дәмді болады. Жиналған қауым ризашылықпен ауыз тиіп, оң батасын береді. Негізінен мұсылмандық қағидалары бойынша дәмді ас беру де үлкен сауаптардың біріне жататындығын ескерген жөн. Сонымен қатар, құдаларының әкелгені көңілге қонымды болса, қыздың ата-анасының, туған-туыстарының мәртебесі көтеріліп, ел алдында бір марқайып қалатындығы тағы бар. Қызының жөн білетін, өсіп-өнген жерге барғандығына іштей қуанады. Ата-ана үшін ең маңыздысы- қызының бақыты. Ал қызының бақытты болуы оның ата-енесіне де байланысты екендігін үлкендер жақсы біледі.

Қазақта «Жақсы жерге түскен келін-келін, жаман жерге түскен келін-келсап», «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген сөз бар. Мұнда келіннің жақсы болып қалыптасуы оның ата-енесіне байланысты екендігі тауып айтылған. Яғни, үлгілі келін жақсы ененің тәрбиесінің нәтижесі деуге әбден болады. Сондықтан ата-ененің алғашқы қадамдары жаңа түскен келінге үлгі әрі тәрбие. Өзі бір үйдің босағасын аттап отырғанда оған жасалынған құрмет, жылы ілтипат келіннің алғашқы отбасылық тіршілігіне деген қызығушылығын арттырады, жаңа туыстарына жақындастыра түседі.

фото: newsroom.kz

Үлкендердің құдалық рәсімі шын көңілден, үлкен махаббатпен орындалғаны абзал. Оның ішінде жоғарыда айтып өткеніміздей «Өлі-тірі» рәсімі де өз деңгейінде жасалынғаны дұрыс. Себебі «Өлі-тіріге» әкелінген малдың етінен ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң түгелдей ауыз тиеді. Тұрмысқа шыққан қыздың бақилық дүниеге өткен ата-бабаларына, туыстарына арналып құран бағышталады. Яғни, бұл дәмге өлі де, тірі де разы болсын деген ниетпен жасалынатын «Өлі-тірі» рәсімі- көпшілікке арналатын құдайы садақа. Сойылған малдың еті түгелімен асылады. Бұл малдың етінен ұзатылатын қыз ауыз тимейді. Қазақта барар үйінің босағасын аттамай тұрып оның дәмін татса, кездейсоқ кедергілер кездесіп, ол жақтың дәм-тұзы бұйырмай қалуы мүмкін деген ырым да бар.


Сонымен қоса халқымызда «Өлі-тірісі» берілмеген қыз аурушаң болады деген де ырым кездеседі. Сондықтан талай ғасырлардан бері өміршеңдігін жоғалтпаған бұл рәсімнің орындалғаны жөн. «Өлі есіркемей, тірі байымайды» деген халық даналығы осындайда айтылса керек-ті. Кей жағдайда құдалар алыс жолдан келеді. Мұндайда мал әкелу қиыншылық туғызатын болса, құдалар «Өлі-тіріге» кететін қаражатты атап береді. Ал құдалар ол ақшаға аталған кәдені жасауға міндетті.


«Өлі-тірі» деген сөз қосылып жазылғанымен мазмұны-өлі, тірі. Бұл арадағы өлі мен тірінің айтылуы: «алдыдағы құдалық баянды болуы үшін екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеміз» дегенді ұғындырады. Сондықтан да өлтіріге әкелінген мал осы уәдеге бола атап сойылады. Бұны қыз үйі соймайды. Бөгде біреу алып сояды. Бұнда да мән бар. Өйткені екі жақтың анты үшін таңдамахшарда куә керек. Сонда тырп ете алмайтын заңды болады. Өлтірі тойы өтіп болған соң екі жақ бірін-бірі «құда-құдағи» дей беруге қақылы.

Кейінгі кездері «өлі-тіріні» қызды ұзатпай, оны алып қашып кеткенде қыздың «тірі» екендігінен хабар беру үшін хабаршылар келгенде алып келетін «өлі-тірі малы» салты деп түсінетіндер көп.

Бірақ дәстүр бойынша, кешірімшілер алып келген қой бұл болашақ құдаларға арнап алып келген сый-сияпат, ашуын қайтару ретіндегі үрдіс.


Егер қызды алып қашып үйленетін жағдай болса, құдалық жоралғысын жасаған кезде арнайы «өлі-тірі» үшін қой алып келуі міндетті. Мұны қазір көп жерде орындамайды.


Ал салтты дұрыс орындамау қазақылығымызды мойындамау деп есептеймін өз басым. Сондықтан, өлі мен тірінің ризалығын алу, жастардың отбасылық өмірінде бақытты өмір сүруі үшін жасалынатын ең басты салтымыз екенін ұмытпағанымыз жөн.


Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ИНЕнің ЖІБІН ұзын етіп сабақтаса, ҰЗАҚқа тұрмысқа шығады


Асық жинасаңыз, ҰЛды боласыз