"Көршім енеме қарсы айдап салды": жас келін енесінің көңілін қалай табарын білмей жүр

0
272

Енді енемнің қалай көңілін тапсам болады?



Енесін ренжітіп алған жас келін қайтадан бұрынғыдай тату болғысы келеді. Оның көңілін қалай табарын білмей, ERNUR.KZ порталының оқырмандарынан ақыл сұрайды.


"Келін болып табалдырық аттағанымда енем өте жылы қарсы алып, өзінің туған қызындай қарады. Бар білгенін үйретіп, менің білгенімді бағалап, ылғи істеген ісіме ризашылығын білдіріп отырады. Осы күнге дейін енеммен бір ауыз сөзге келіп, ренжісіп көрмеген едім. Бірақ бір ай бұрын көрші келіннен енемнің мені көршілерге жамандайтынын естіп, қатты ренжідім.

Сол ренжігенімді ақ-қарасын анықтап алмай, енеме барып айтқаным үлкен қателік болды. Ең болмағанда жай сөзбен ренжігенімді айтсам, ол кісі «жоқ, сен ойлағандай емес, сен дұрыс түсінбегенсің» деп өзін ақтап алар ма еді?! Ал мен болсам ол кісінің сөзін тыңдамастан, эмоциямен келіп, ашудың буымен неше түрлі ауыр сөздер айттым. Енем болса ештеңеге түсінбеген қалпы аузы ашылып қалды.

Егер енем шынында да мен туралы көршілерге өсектесе, бұлай аң-таң болып тұрмас еді. Ол кісіні жақсы білемін, егер солай айтқан болса жүзі ештеңені жасырмайды, қызарақтап, қипақтап қалушы еді. Негізі арамдығы жоқ, ақкөңіл жан. Барды бар, жоқты жоқ деп айтуға үйренген адам. Өте шыншыл.

Енемнен күдіктенбесем де, сол сөздерді естігелі ашуым келіп, бас салғаным енді кешірімге лайық емес деп ойлаймын өз басым. Енемнің орнында өзім болсам да қапаланар едім. Жер-көкке сыйғызбай, көтермелеп жүретін, жақсы көретін келінім көшедегі қайдағы біреулердің сөзін үйге әкеліп, өзіме тап беріп тұрса, кез-келген ене ашуланатыны сөзсіз ғой. Енемнің менен қатты көңілі қалғанын сол кезде сездім.

«Кім саған мұндай сөздерді айтқан? Маған кім жала жапты?» деп шыр-пыр болмады. «Мейлі, сен үшін өзгелердің сөзі өтімді болса, соған сенсең өзің біл» деді. Даусы өте зілді шықты. «Маған емес, солардың сөзіне сеніп, алдыма келіп тұрғаныңнан-ақ қандай келінді бауырыма тартып жүргенімді түсіндім» деген сөзімен мақтамен бауыздағандай болды. Одан да айғайлап ұрысқаны жақсы еді. Қателескенімді түсіндім. Енемнің көзқарасынан-ақ байқадым, анық жамандаса менен қорқып тұрмайды ғой, айтқан болса, «Айттым, өтірік пе?» дер еді.

Сөйтсем, менің енеммен татулығымды қызғанатын көрші үйдің келіні бізді шағыстырмақшы болған екен. Істің ақ-қарасына бармай жатып, үйге келіп ұрыс шығарғаныма қатты өкіндім. Кешірім сұрадым. Дегенмен, оның көңілінде бір сызат қалып қойды. Ал мен қарым-қатынасымыздың бұрынғыдай болғанын қалаймын. Енді қалай көңілін тапсам болады? Ақыл қосыңыздаршы?"