​​ӨҢІРЖИЕК тағу - өсіп-өнуді білдіреді

0
5 889

Өңіржиек деген не?


​​ӨҢІРЖИЕК тағу - өсіп-өнуді білдіреді

Әжемнің ұзатылып келген шағында мойнына тағып келген өңіржиегі әлі де үйде сақтаулы тұр. Оның да «өңіржиек» деп аталатынын мен әжемнен естігенмін.

Бір көрген адам оны күмістен жасалған ұлттық нақыштағы әшекей деп ойлайтыны да даусыз. Шындығында солай, ұлттық болмысты айшықтап тұратын сәнді әшекей бұйымының да атқаратын ролі бар екенін білмегендіктен, оны «Ұлыстың ұлы күні Наурыз», «Қыз сыны» немесе мектепте болатын ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мерекелерінде ауылдықтар сұрап алатын.

Әжем оны «кім көрінгенге бере бердіңдер» деп ренжитін еді. Сонда біз «әже, оны не істейсіз сандыққа салып сақтағанда? Қалып кетпейді ғой, бір сағатқа тағады да қайтарып әкеліп береді» деп әжемнің ашуын басуға тырысатынбыз.

Жасы келген кісі сәл нәрсеге бала бұртиып, қызғаншақтау болып кететіні де бар ғой. Солай кейде әжемізге айтпай-ақ сұраған адамға беріп те жіберетін едік.

Сонда соның бірін байқап қалған әжем дәстүрді аяқ асты етуге болмайтынын, өңіржиекті тағудың да өзіндік сыры болатынын айтып берген болатын.


«Оны тағудың да өз сыры бар. Өңіржиекті өрімдей қыздар емес, бойжетіп, ұзатылып бара жатқан қызға арнайы жасатқан. Әйелдер өңіржиекті 45-50 жасқа дейін, яғни дүниеге бала әкелуге қабілетті жасқа дейін таққан. Ал үлкейіп, немерелі болып, әже атанған шағында өңіржиектің төменгі жақтарын ажыратып тастап, бір төртбұрыштысын ғана алқа ретінде тағып жүрген. Өңіржиектің жан-жағындағы көп салпыншақ ұрпақтың өсіп-өркендеуін білдіреді. Бетіндегі екі ұзын сопақша, ортасында әдемі өрнектер салынуы жер әлемнің барлығы да әуелде бірінші болып ер адамнан жаралғанын білдіреді. Ер адам болмаса, жер бетінде ешқандай ұрпақ болмас еді. Өмірдің бастамасы ер адамда, соның белінде жатыр дегенді меңзейді. Өңіржиекті әсіресе жүкті келіншектер үнемі тастамай тағып жүрген. Себебі адамның назары жүкті әйелдің құрсағына емес, оның әшекейіне түссе тіл-көзден, бәле-жаладан, сұқ көзден сақтайды деген», деп кеңінен толғады.

Көрнекі сурет

Содан мен қызығып өңіржиек туралы мәліметтер іздей бастадым. Қазір бұл затты күнделікті қолданбағанмен, дәстүрлік мұра ретінде әрқайсысымыздың білгеніміз жөн.

Өңіржиек - кеудеге тағылатын әшекей зат. Дәстүрлі қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын-омырауына сәндікке таққан. Өңіржиек төрт бұрышты (немесе дөңес) келген бірнеше күміс тілікшеден (көбіне үшеу) тұрады, олардың аралары қатар түскен бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Қазақ шеберлері тілікшелерді жұқа немесе арасын қуыс етіп, ортасына ақ балшық толтырып (майыспас үшін) жасайды. Әр бөлігі қалыптау, сіркелеу, сымкәптеу, алтындау, тастар орнату әдістері арқылы әшекейленеді де, түрлі ою-өрнектер түсіріледі. Төменгі бөлігіне сыңғырлауық қоңыраулар, құйма тістер орнатылады. Халық арасында кейде қыз-келіншектер киетін қырмызы шапанның алдыңғы екі өңіріне жиектей салынатын өрнекті де кейде «өңіржиек» деп атайды. Өңіржиек секілді бұйымдар (алқа, шолпы, т.б.) халықтың эстетикалық талғамын, әсемдікке құштарлығын көрсетеді.

Бұл әшекейді қазақ қыздары, негізінен, жасына қарай әртүрлі етіп таққан екен. Қыз бала өсіп келе жатқан кезде өзге де әшекейлермен бірге «тіл-көз тимесін» деген мақсатпен, ұшбұрышты тұмар таққан. Оны зергер күмістен бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәрізді етіп жасап, іші қуыс болып, онда бәле-жаладан қорғайтын дұға салыныпты. Өңіржиектің қыз баланың бойжетіп келе жатқан кезіне арналған түрі- «өңіртал» деп аталған. Өңіртал аралары алшақтау орналасқан екі тақтадан тұрып, тақталары күміс шынжырлармен байланысқан. Өңіртал көбінесе қызыл түсті шыныдан не ақық тастан көз салынып, шынжырмен мойынға тағылған. Қыз ұзатылып, тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін үлкендеу, қалыңдау үш тақтадан тұратын өңіржиектер таққан екен. Өңіржиектің тақтасы көп болған сайын «көп балалы, алтын құрсақты ана болсын» деген мағынада жасалған. Бірінші, екінші, үшінші, төртінші тақталары төртбұрышты болып келіп, соңғы тақтасы төменге қарай бес бұрышталып келуінде де үлкен мән бар көрінеді. Яғни ананың болашақта көп ұрпақ дүниеге әкеліп, «көбею» мағынасын меңзеген.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ӨКПЕшіл қыздың ЫРЫСЫ кем бола ма?



КЕЛІН қандай жағдайда ТӨРГЕ шыға алады?