​«Орамал ауыстыру» салты қай кезде орындалады?

0
322

Орамал әйелдің сәні және бағы.


​«Орамал ауыстыру» салты қай кезде орындалады?

көрнекілік үшін фото: tolqyn.kz сайтынан алынды

Орамал тағу салт-дәстүрдің бірі. Қазақ халқы «Бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық» деп, жаулықты таусылмайтын байлыққа теңеген. Аталы сөзден аттамай, ата салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі - ақ орамал.

Орамал - сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, балалықты артқа тастаған бойжеткеннің жаңа өмірінің бастамасы.

Орамал келіншектің отбасылы екенін аңғартады. Адал ниетпен аттаған шаңырағының анасы екенін білдіреді. Осыдан-ақ оның қадір-қасиетін ұғынуға болады.

Кешегі әже-апаларымыз ақ жаулықты құрметтеп, әдебін сақтай білді. Ұлттық болмысын ұмытпады.
Сонымен қатар, орамал қазақтың тарихымен тікелей байланысы бар. Қыз бала орамал тартпаған. Қыз бала ұзатылып, келін болып түскенде беташар болғаннан кейін енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Талай аумалы-төкпелі ықылым заманда ерінің жоқтығын пайдаланып, баса-көктеген озбырдың әрекеті орамалын ту еткен әйел затының арына нұқсан келтірмейтін еді. Жаулығын жерге құлатпаған қазақ ханымының бар ойы – ерінен қалған тұяқты аман-есен жеткізу. Тауқыметті қиын-қыстау күнде орамалына дақ түсірмеген ана келбеті айшықты. Тазалықты қанына сіңірген қазақ үшін жаулық әуелгі ретте тазалықтың бір нышаны іспетті. Басындағы ақ жаулығының кіршіксіз ақтығы да әйел адамның қаншалықты үлгерімпаз әрі жинақы, тиянақты екендігін көрсетіп-ақ тұрады.

Бірде немересі әжесінен:
– Апа, неге қазақтың келіндері орамалсыз жүрмеуі керек? – деп сұрапты. Сонда әжесі:
– Е, қарағым-ай! Әйел орамал тақпаса, арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады. Шашы тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі, – деген екен.

Сондықтан тектілігімізді тік ұстасақ, ұлттың да, отаудың да, өзіміздің де беріктігіміз нығая түсері сөзсіз. Болашақ бір елдің тұтқасын ұстап, бір шаңырақтың иесі атанатын азаматты тәрбиелейтін ананың да даналығы осал болмайтыны анық. Бөлісіп жейтін нан қиқымын таппай қалған заманның өзінде келіндер асқан төзімділік танытып, әдет-ғұрыптан аспағанын кітаптан оқыдық. «Ерк жерден, ал әйел көктен қуат алады» демекші, әйелдің шашы магнит тәрізді. Ауадағы шаң-тозаңды жинайды. Басты жабық ұстау арқылы әйел заты өзіне келетін жағымсыз энергиядан сақтана алады. Сондай-ақ қазақ халқының дәстүрі дінмен біте қайнасқан. Ислам дінінде де орамалдың үкімі сақалдың үкімінен де жоғары қойылады делінген.

Сондай-ақ орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз содан қалыптасқан.

«Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем, Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?», – деп М.Мақатаевтың әжесіне жазған өлең жолындағыдай ақ жаулықты аналар салып кеткен дара жол үзілмей, одан әрі жалғасын тапса дейміз.

Әйел үшін орамалдың қаншалықты маңызды екенін білдік. Алайда, кей жағдайда әйел басындағы жаулығын «ауыстыруға» тура келетін жағдайлар болады. Мұны қазақта «орамал ауыстыру» салты ретінде орындаған.

Мағынасы әйел қандай да бір себеппен алғашқы жарынан айырылған соң, екінші рет тұрмысқа шығып жатса, басындағы орамалын шешіп, сол келген әулетіндегі үлкен жастағы, ақ жаулықты аналар әулетке жаңа еніп жатқан келіннің басындағы орамалын ауыстырып салған. Ол енді осы әулеттің келіні екендігін айқындайтын белгі.

Негізі бұрындары жастайынан жесір қалып, балалары болмаған кезде өмірлік серігі қайтыс болса, ол келінге рұқсат беріп, өз қыздарындай қарап, екінші рет тұрмысқа берген. Ал балалары болса, әмеңгерлік салтымен өз әулетінде алып қалуға тырысқан.

Қазір де бұл салт ара-тұра орындалып жатады. Әмеңгерлік салтына көнетін де, көнбейтін де әйелдер бар. Ажырасқан әйелдер де екінші рет өз теңін тауып, тұрмыс құрып жатқан жағдайда орамал ауыстыру салты орындалып жатады. Орамал ауыстыру салты келінді өз әулетіне қабылдаудың бір белгісі. Яғни, бұл алғаш рет босаға аттаған қызға емес, есік көрген әйелдің екінші рет отбасын құрғанда жасалатын ырым.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


"ЕТЕГІНЕ САЛУ" ырымын жасап, жүкті болдым"